Шарбақтыда балаларға арналған жаңа футбол манежі ашылды
Спорт кешені өскелең ұрпақтың жыл бойы жаттығуына мүмкіндік сыйламақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шарбақты ауылында заманауи футбол манежі пайдалануға берілді. Нысанның ашылуына облыс әкімі Асайын Байханов, ауыл тұрғындары, спорт ардагерлері мен жас футболшылар қатысты.
Аймақ басшысы кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі елді мекендердің өркендеуіне ықпал ететінін атап өтті. Нысанның құрылысы аудан тумасы, кәсіпкер Виталий Соломкиннің қолдауымен жүзеге асқанын тілге тиек етіп, меценаттың былтыр да аудандағы мұз айдынын салуға атсалысқанын айтты.
– Облысымызда 355 елді мекен бар. Орта және шағын бизнес өкілдері жеткілікті болғанымен, табысынан ауыл-аймақтың инфрақұрылымын дамытуға қаржы бөлетін азаматтар көп емес. Өз жерінде туып-өскен адамдардың осындай бастамаларға атсалысуы өзгелерге үлкен үлгі. Егер әр ауылда осындай жауапты азаматтар болса, өңіріміз одан әрі көркейе түсер еді, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі соңғы жылдары Шарбақты ауданында әлеуметтік нысандар жаңартылып, жолдар жөнделіп, білім беру мекемелеріне күрделі жөндеу жүргізілгенін мәлімдеді. Оның сөзінше, ауданда 13 мектепте жөндеу жұмыстары атқарылған. Сонымен қатар, ауылдарға санитарлық көліктер жеткізіліп, шалғай елді мекендердегі білім ордаларына жаңа автобустар берілген.
Жиында кәсіпкер Виталий Соломкин де туған жерді көркейтуге әр тұрғынның шамасы келгенше үлес қосуы керектігін жеткізді.
– Былтыр әр мектептің ауласына және ауылдарға ағаш отырғыздық. Енді сол көшеттерді күтіп-баптауға барлығымыз атсалыссақ деймін. Әр ауылда бір ағаш отырғызу немесе балаларға арналған алаң жасау сияқты шағын бастамалардың өзі туған жердің дамуына қосылған үлес. Балаларымыз осындай жерде өсіп, спортпен айналыссын, – деді ол.
Спорт ардагері Андрей Хаданов та жаңа нысанның ауыл балалары үшін маңызы зор екенін айтты. Оның пікірінше, спорт тек жарыс пен жеңістен тұрмайды. Ол денсаулықты нығайтып, тәртіпке, достыққа және табандылыққа тәрбиелейді.

Қазіргі уақытта ауданда 70-80 бала футболмен айналысады. 2000 жылдан бері жаттықтырушы болып еңбек ететін Василий Просековтың айтуынша, осы уақытқа дейін оның сегіз тәрбиеленушісі Павлодар қаласындағы олимпиадалық резервтің спорт мектебіне қабылданған.
– Балаларға осындай жағдай жасалғанына қуаныштымын. Манежде шөп төселген жабын, жылы бөлмелер мен киім ауыстыратын орындар бар. Енді футболға келетін балалардың саны артады деп ойлаймын. Алдымызда әлі талай жеңіс бар, – деді жаттықтырушы.
Шара барысында 12 жастағы футболшы Әлихан Нұралинов та қуанышын жасырмады. Ол жеті жылдан бері осы спорт түрімен айналысатынын айтып, жаңа алаңда жаттығып, болашақта үлкен жетістіктерге жетуге ниетті екенін жеткізді.
Жас спортшының анасы Ақжарқын Сатыбалдина да кәсіпкерге алғысын білдірді. Оның айтуынша, жаңа кешен балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, денсаулығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Іс-шара соңында Асайын Байханов жас футболшыларға доптар мен спорттық киімдер сыйға тартты.
Жаңа спорт кешені Шарбақты ауданында бұқаралық спортты дамытуға және жас футболшылардың кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді.