Ерлікке тағзым: Павлодар облысында Ұлы Жеңіс батырларына құрмет көрсетілуде

Жаңа Жұлдыз және Ертіс ауылдарында Ұлы Отан соғысының қаһарман батырларын еске алуға арналған маңызды шаралар өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өз өмірін туған жерінің бостандығы үшін құрбан еткен батырлардың рухына арналған шаралар өтуде. Патриоттық сабақтардан бастап ауылдық кітапханалардағы тақырыптық көрмелерге дейін павлодарлықтар майданда шайқасқан және Жеңіс күнін жақындату үшін тылда аянбай еңбек еткендерді еске алуда.
Ертіс ауылындағы мектептердің бірінде «Ерлікке тағзым – ұрпаққа үлгі» атты дөңгелек үстел өтті. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған іс-шара өскелең ұрпақтың тарихқа деген құрметін және батыр бабаларымыздың ерлігіне деген алғысын арттыруға бағытталған. Оқушылар ардагерлердің өмірбаяндарымен танысып, соғысқа қатысқан ата-әжелерінің тарихымен бөлісті.
Оқушылардың баяндамалары әсерлі болды. Бір оқушы өзінің атасы Жамбай Қоңырбаевтың 17 жасында майданға аттанып, Берлинді азат етуге қатысқанын айтып берді.
– Атам 1944 жылы әскер қатарына шақырылды. Оның айтуынша: «Біз үйде едік. Әкем жұмыстан келгенде, соғыстың басталғанын естіп, қабырғамыз қайысты. Үй ішіне бірден мұң мен үрей орнады», – деп еске алатын, – деді оқушы. – 1944 жылдың қазан айында әскерге алынып, Германияның Берлин қаласын азат етуге қатысқан. 1945 жылдың 7 мамырында Эльба өзенінің жағасында ауыр жарақат алып, Жеңіс күнін Германияның Гамбург қаласында қарсы алған.
Жамбай Қонырбаевтың марапаттарының қатарында «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» медалі, «Әскери еңбегі үшін» медалі, «Берлинді алғаны үшін» медалі және басқа да мерейтойлық медальдар бар.
– Сонымен қатар, менің әжем – Жібек Қонырбаева. Соғыс басталғанда тылда аянбай еңбек етіп, майданға қажетті азық-түлік, киім-кешек дайындауға атсалысты. Ол – «Еңбек даңқы» орденінің, «Тыл еңбеккері» медалінің иегері. Әжемнің ерлігі де – Ұлы Жеңістің бір бөлігі, – деп атап өтті оқушы.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың айтуынша, мұндай кездесулер – жай ғана әңгіме емес, нағыз патриоттық сабақтар.
– Біз батырларымыздың ерлігін естен шығармауымыз керек, – деді олар.
Осыған ұқсас шара Железин ауданында орналасқан Жаңа Жұлдыз ауылының ауылдық кітапханасында өтті. Мұнда Кеңес Одағының Батырлары С.Б. Баймағамбетов пен И.Г. Ледовскойдың 105 жылдығына арналған «Ел есінде ерлер жүрсін» атты досье-көрме ұйымдастырылды.
Бұл көрме, басқа да іс-шаралармен қатар, жас ұрпаққа еліміздің тәуелсіздігі мен бостандығы үшін жанын пида еткендердің есімін сақтаудың маңыздылығын жеткізуді мақсат етеді. Көрмеге келушілер батырлардың өмірбаяндарымен, мұрағат материалдарымен және сирек кездесетін фотосуреттерімен таныса алды.