Шарбақтылық полицейлер балаларға қауіпсіздік ережелерін еске салды

Шарбақтылық полицейлер балаларға қауіпсіздік ережелерін еске салды
Фото: pixabay.com/JTD444

Шарбақты ауданында жазғы лагерьдің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.    

Шараға аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысып, балаларға демалыс кезіндегі жеке қауіпсіздік ережелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Инспекторлар балаларға қоғамдық орындардағы тәртіп, төтенше жағдайларда әрекет ету, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасау ережелері туралы айтып берді. Сондай-ақ, судағы, тұрмыстағы және лагерьден тыс жерлердегі қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Полицейлер жазғы каникул — тек демалыс уақыты ғана емес, сонымен қатар өзіңнің және қоршаған ортаңның қауіпсіздігіне мұқият болу қажеттілігі екенін еске салды. Кездесу соңында балалар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пайдалы кеңестер алды.

Мұндай іс-шаралар кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Полицейлер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — жазғы кезеңдегі басым міндет екенін атап өтті.