Шарбақты ауданында Өзбекстан азаматы мен жұмыс беруші жазаланды
Кәсіпкерлерге шетелдік жұмыс күшін тарту кезінде еңбек заңнамасын сақтаудың маңыздылығы жайлы ескертіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Шарбақты ауданының кәсіпкері Өзбекстан Республикасының 43 жастағы азаматын жұмысқа қабылдап, оған баспана мен жұмыс берген. 2022 жылдың шілде айында Өзбекстан азаматы елден кетуге мәжбүр болған, бірақ қалып қойып, жұмысын жалғастырған.
Әкімшілік заңнаманы бұзғаны үшін кәсіпкерге ҚР ӘҚБтК 518-бабының 2-бөлігіне сәйкес, 25 АЕК және ҚР ӘҚБтК 519-бабының 1-бөлігіне сәйкес, 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Заңсыз жүрген шетелдік азамат үшін айыппұлдың жалпы сомасы 189 мың 750 теңгені құрады.
- Сондай-ақ бір жыл ішінде қайталап жасалған бұзушылық және кетуден жалтарғаны үшін көрші мемлекеттің 43 жастағы азаматы ҚР ӘҚБтК 517-бабының 7-бөлігіне сәйкес, елден қуылып, 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Енді ол 5 жыл бойы Қазақстан Республикасына кіре алмайды, - деді Шарбақты ауданы полиция бөлімінің бастығы Нұрғали Омарбеков.
Естеріңізге сала кетейік, аталған заң бұзушылық 2023 жылдың 28 ақпанына дейін жалғасатын «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында анықталған болатын.