Сайлау-2023: партиялық күрес қызып тұр
@Pavlodarnews.kz АА оқырмандарды сайлауалды үгіт-насихат кезеңінің басындағы саяси партиялардың қызметімен таныстыруды жөн көрді.
Әрбір партия туралы әңгімемізді ОСК-інде өткен жеребе нәтижелеріне сәйкес өрбітеміз. Бюллетеньдерде партиялар дәл осындай тәртіппен орналасатын болады.
«AMANAT» партиясының Республикалық сайлауалды штабы мүшелерінің өңірлердегі сайлаушылармен кездесулері жалғасып жатыр. Бүгін партиялықтар Шығыс Қазақстан облысына келді.
Зайсан қаласында штаб мүшелері аудандық көпсалалы аурухана ұжымымен кездесіп, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасындағы денсаулық сақтау саласын дамыту шараларын талқылады. AMANAT Төрағасы Ерлан Қошанов партия осы салаға, әсіресе, ауылдық жерлерде ерекше назар аударатынын атап өтті.
«Біз сапалы медицина баршаға, оның ішінде шалғай аудандардың тұрғындарына қолжетімді болуын қамтамасыз етеміз. Тиісінше, медицина қызметкерлерінің еңбегі лайықты бағаланып, олардың сапалы жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалуы керек», - деді Ерлан Қошанов.
«Ауыл» партиясының ҚР Парламенті Мәжілісі және Астана мәслихатына депутаттығына кандидаттар «Астана электротехникалық зауыты» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында кандидаттар үгіт-насихат жұмысын өткізіп, «Ауыл» партиясы сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарымен таныстырды.
«Ауыл» партиясы атынан шыққан Мәжіліс депутаттығына үміткер Николай Арсютин еңбекшілерге сайлауалды бағдарламаның басты бағыттары – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
«Азық-түлік бағалары тәуелсіздіктің 30 жылы бойы өсіп келеді және соңғы 2-3 жылда тіпті шарықтады. Сондықтан «Ауыл» тұрғындар табысының артқанын талап етеді, оған қоса әлеуметтік қызмет көрсетулерді, оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру мен мәдениет салаларының күшейгеніне ден қояды», - деді Николай Арсютин.
Respublica партиясының басшылары мен мүшелері Таразға келді. Мұнда жергілікті кәсіпкерлер, әртүрлі салада істейтін компаниялар еңбек ұжымдарымен кездесулер өтті.
Азаматтар алдында партия төрағасы Айдарбек Ходжаназаров, екінші төраға Сырымбек Тау және Мәжіліс депутаттығына кандидаттар сөйледі. Олар партия бағдарламасын ұсынып, елде нені өзгерту керектігіне тоқталды.
«Шынымды айтсам, саясатта тәжірибеміз жоқ. Есесіне, уәде беріп, орындамаудың тәжірибесі жоқ. Бір нәрсені анық айтамын: Respublica партиясынан ащы да болса шындықты еститін боласыздар. Біз үшін дауыс бергеніңіз – болашақ үшін дауыс бергеніңіз», - деді Айдарбек Ходжаназаров.
Қазақстан Халық партиясының төрағасы Қарағанды облысына барып, сайлаушылармен кездесті.
Аталған өңірдің тумасы Ермұхамет Ертісбаев жергілікті мәселелерді жақсы біледі. Сондықтан ол бірінші болып «Арселор Миттал» кәсіпорнының ұжымымен кездесу үшін Теміртауға барды.
Басқосу барысында ҚХП басшысы партияның еліміздің тау-кен-металлургиялық кәсіподақ ұйымдарымен ынтымақтастығы, сондай-ақ нақты секторды дамыту жоспарлары туралы айтты.
«Біз қолданыстағы жұмысшылардың құқын таптайтын Еңбек кодексіне қарсымыз! – деп атап өтті Ертісбаев. – Жаңа Қазақстанға жалдамалы қызметкердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын толығымен қорғайтын жаңа Кодекс қажет! Біз – мықты және жұмыс берушіден тәуелсіз кәсіподақтарды қолдаймыз!», - деді Ермұхамет Ертісбаев.
Ертісбаевтың сайлаушылармен келесі кездесулері Теміртау тұрғындарымен жалғасты.
«Байтақ» партиясы Астанада «Экохакатон» ұйымастырып, оның бас тақырыбы қоқыс мәселесі болды. Жаңа затты сатып алуға құмарлық қоқыстың көбеюіне әкеп соқтырады, деп есептейді жасылдар.
Студенттермен кездескен экокәсіпкер және «Байтақ» партиясының мүшесі Мирас Аббасов ақылды тұтынуға көшудің маңыздылығын атады.
«Бүгінде әлемді маркетологтар билейді, солар тауар ұсынады да, біз болсақ, олардың ұсынған тауарлары бізге қаншалықты қажет екендігіне ойлануымыз керек. Джинс шалбардың біреуін шығару үшін сегіз мың литр су қажет. Сондықтан әрбір тауарды алмай тұрып жақсылап тұрып ойлану керек», - деді Мирас Аббасов.
Азат Перуашев пен Қазыбек Иса бастаған «Ақ жол» Демократиялық партиясының республикалық штабы мүшелері Алматы облысында болды. Агиттоп Қонаевта «Роллтон» және «BIGBON» секілді танымал бренд шығаратын «Маревен Фуд» компаниясының еңбек ұжымымен жүздесті.
Кездесуде «Ақ жол» көшбасшысы Ұлттық банктің базалық ставканы өсіру мен несиелерді қымбаттату саясатын сынады.
«Инфляциямен күрес өзіміздің өндірісті дамыту арқылы ғана сәтті жүзеге асады. Бірақ оны қаржыландыру керек. Кредиттерді арзандатып, кәсіпорындарымыз үшін инвестициялық преференцияларды енгізу керек», - деді Азат Перуашев.
Сонымен қатар, ЖСДП-дан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына партия тізімі бойынша кандидат Нұрлан Әуесбаев Астанадағы «Өндіріс» тұрғын үй кешенінің тұрғындарымен кездесті. Кандидат сайлаушылармен «Қазақстандағы өмір сапасының стандарттары қандай болуы керек?» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Депутаттыққа кандидат сайлаушыларды партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Іc-шара барысында әлеуметтік мәселелер көтерілді. Атап айтсақ, азық-түлік инфляциясы, коммуналдық тарифтердің құны, әлеуметтік кепілдіктер және мемлекеттік қолдау мәселелері қозғалды.
ЖСДП-дан тағы бір кандидат – Мақсат Нәсібулов қаланың жұмыссыз азаматтарымен кездесті. Олар жұмыспен қамту және қазақстандықтардың шектен тыс несиені алғаны тақырыптарын қозғады.
Фото: Константин Шелков және партиялар сайлауалды штабтарынан алынды