Шетелдік ғалымдар Баянауылда өсімдік тұқымдарын жинады
Іс-сапар Ұлттық тұқым банкін құру жобасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұлттық парктің ғылыми қызметкерлері ағымдағы жылдың 26-27 тамыз аралығында Баянауыл мемлекеттік табиғи ұлттық саябағы аумағында бірлесе отырып, тұқым банкіне өсімдік тұқымдарын жинау бойынша жұмыстар жүргізілді. Торайғыр университетінің профессоры Виктор Камкин Нидерланды елінен келген Джефри мен Менуа атты ғылыми қызметкерлері мен Ботаника және фитоинтродукция институтының ғалымдарына ұлттық парктің көрікті жерлерін таныстырды.
Сонымен қатар, ғылым және мониторинг бөлімінің басшысы Динара Күншуақова мен ғылыми қызметкері Мұрат Жаслан олармен бірлесе отырып, мониторингтік алаң құрды.
– Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі кездесетін өсімдіктер, нақтырақ айтқанда, қасқыржем, жуа, иваншай, қарақат, бүлдірген, таңқурай, долана, бұқтырма, тырнашөп сияқты сирек кездесетін өсімдіктердің тұқымын жасау мақсатында жұмыстар жүргізілді, – дейді Жаслан Мұрат.
Айта кетейік, аталмыш экологиялық жұмыс Ботаника және фитоинтродукция институтының «Ұлттық тұқым банкін құру» жобасы аясында ұйымдастырылды. Міндеті – жабайы өсімдіктердің тұқымын жинау. Зерттеу Ботаника және фитоинтродукция институтының жанындағы Алматы қаласындағы орталық ботаникалық бағында жабайы өсімдіктердің, атап айтқанда, тұқымдардың максималды саны жиналуы үшін жүргізілді.
Бүгінде Павлодар облысында 1000-ға жуық жабайы өсімдік өседі. Ал Баянауыл ұлттық паркінде 570 жабайы өсімдік түрі кездеседі.