Павлодар облысында қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген жеті мыңға жуық адам жазаланды
Мұндай бұзушылық үшін бес АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары жыл басынан бері ішімдік ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүргені үшін 6907 адамды жауапқа тартты.
– Алкоголизмнің алдын алу және алкогольдік ішімдіктерді тұтынуды азайту – азаматтардың денсаулығын сақтаудың маңызды факторы. Сондықтан қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болу фактілерін анықтау және жолын кесу полицияның өзекті міндеттерінің бірі болып табылады. Өйткені, алкогольді пайдалану отбасылық жанжалға, бұзақылыққа, ұрлыққа және басқа да көптеген ауыр қылмыстарға әкеледі, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Мәселен, тұрғындар Майра көшесіндегі үйлердің бірінің кіреберісінде алкоголь ішетін азаматтарға шағымданған. Учаскелік инспектор қала тұрғынына қатысты әкімшілік материал толтырды.
Естеріңізге сала кетейік, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе мас күйінде жүргені үшін құқық бұзушыға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайтадан бұзылған жағдайда құқық бұзушыға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынады.