Спорт-шиктен quiet luxury-ге дейін: Павлодарлық жастардың стилі қандай?

Қазіргі жастар сәнге жай қызығушылық ретінде емес, өзін-өзі танытудың құралы ретінде қарайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жергілікті стилист Динара Әбілдинованың айтуынша, павлодарлық жастар үшін киім – жеке болмысты жеткізудің бір тәсілі. Олар трендтерді сол қалпында көшірмей, күнделікті өмірге бейімдеп, ыңғай мен эстетиканы қатар қояды.
– Қазіргі буын үшін сән – бұл жай ғана сырт келбет емес, саналы таңдау мен өмір салтының көрінісі. Бүгінде қала жастары арасында спорт-шик, Y2K, гендерлік бейтарап стиль, сондай-ақ old money мен quiet luxury бағыттары ерекше сұранысқа ие. Жастар бұл трендтерді TikTok, Pinterest секілді платформалардан алып, оны өз ортасына сай өзгертіп қолданады, – дейді маман.
Оның айтуынша, сәнде ұсақ детальдардың рөлі де зор. Мәселен, белге байланатын орамал – бүгінде сәнқойлардың сүйікті аксессуарына айналды.
– Бұл трендтің тамыры француз стилінен, 70-жылдардағы богема бағыты мен әлеуметтік желідегі жаңа үлгілерден бастау алады. Осындай шағын әрі қолжетімді аксессуар кез келген образды ерекше етіп көрсетуге көмектеседі, – дейді стилист.
Динара Әбілдинова түс таңдауы да көп нәрсені білдіретінін айтады. Қазіргі сәнде қою қызыл, лайм, фисташка, шоколад, карамель және Pantone ұсынған Mocha Mousse реңдері алдыңғы қатарда.
Павлодарлық стилист жастарға өз стилін табу үшін шабыт тақтасын (mood board) жасап көруге кеңес береді. Сондай-ақ, ұнамайтын элементтерді де айқындап алған жөн. Себебі стиль – бұл өзіңе деген сенім мен талғамның көрінісі.