Жалғыздықтан жарыққа: павлодарлық орталықта жаңа өмірге жол ашылады

Жалғыздықтан жарыққа: павлодарлық орталықта жаңа өмірге жол ашылады
Фото: жасанды интеллект

Мұнда адасып қалған азаматтарға көмек көрсетіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Осындай жұмысты қиын жағдайға тап болған павлодарлықтарға қолдау көрсететін ресоциализация орталығы атқарады.

Орталық директорының орынбасары Әсем Акинованың айтуынша, мекеме жеті түрлі қызмет көрсетеді: тұрмыстық, мәдени, заңдық, медициналық, экономикалық, еңбек және психологиялық.

Адамдар мұнда әртүрлі себеппен келеді  – біреу үйінен, отбасынан, жақындарынан айырылған, енді бірі өзін жоғалтып алған. Қазір орталықта шамамен жүз адам тұрып жатыр. Жыл басынан бері жүздеген павлодарлыққа көмек көрсетілген.

– Біреудің үйі өртеніп кеткен, біреуді қуып жіберген, енді бірі ішімдікке салынып, бизнесінен айырылған. Бұрын біз тек бейімдеу орталығы болсақ, қазір тар жерден шыққан адамдармен де жұмыс істейміз. Жұмыссыз ретінде тіркейміз, мекенжайға тіркейміз, бір реттік жәрдемақы рәсімдейміз. Кейін оларды мансап орталығы арқылы жұмысқа орналастырамыз. Құжаттарын реттейміз, қалыпты өмірге қайта оралтуға тырысамыз. Әңгімелесеміз, мамандарға бағыттаймыз. Дәрігерлерге жазамыз, мүгедектік рәсімдейміз және жеке оңалту бағдарламаларын жасаймыз — қажеттінің бәрін істейміз, – дейді Әсем Акинова.

Орталықта төрт маман, бір психолог, күндізгі және түнгі ауысымда жұмыс істейтін 15 медицина қызметкері бар. Екі дәрігер – бірі таңертең, екіншісі түстен кейін жұмыс істейді. Мамандар кабинеті мен жедел желіге арналған екі телефон бар. Кезекшілік тәулік бойы жүргізіледі. 

Адамдар мұнда әртүрлі жолмен келеді: біреуі өзі келеді, біреуді көршілері әкеледі. Әлеуметтік патруль де жұмыс істейді. Жақында «Вита» ұйымының еріктілері Атамекен ауылынан Александр есімді тұрғынды жеткізді.

– Ол жеке үйде жалғыз тұрған. Баспанасы болғанмен, жер үйі жылытылмаған. Көршілері дабыл қағып, бізге хабар берді. Біз құжаттарын жедел рәсімдедік, қазір оны қарттар үйіне орналастыру үшін құжаттар дайындап жатырмыз, – дейді Әсем Акинова.

Көңіл қуантатын оқиғалар да бар. Бір павлодарлық азамат көмек алып, жұмысқа орналасқан. Кейін баспана сатып алып, жаңа өмірге қадам басты. Қазір орталыққа келіп, өзіне қолдау көрсеткен мекемеге көмектесіп жүр. Тағы бір әйел Instagram-дағы жазба арқылы бірнеше жыл бойы хабарсыз кеткен отбасын тапқан. Олар Шешенстанға көшіп кеткен болып шықты. Енді азаматша балаларының жанында.

– Бізге көбіне өзін ғана емес, жанындағы барлық адамдарды жоғалтқан жандар келеді, – дейді орталық мамандары.

67 жастағы Айтқожа Нұрғалиев баспанасыз, туыстарсыз қалған. «Мұнда қанша уақыттан бері тұрасыз?» деген сұраққа «Біраз болды» ол қысқа қайырады. Осы уақыт ішінде орталықтың кітапханадағы әдебиетті оқып, барлық фильмдерін көріп шыққан.

– Жалғыз қалдым. Мұнда әкелді, бәріне көмектесті. Қызметкерлер мейірімді, жақсы. Көркем және тарихи фильмдерді көруді ұнатамын, кітап оқимын. Жасым келіп қалған соң спортзалға бара алмаймын, бірақ әр күнім үшін ризамын, – дейді зейнеткер.

Қазір Айтқожа ата қазақ классигі Ғабит Мүсіреповтің шығармаларын оқып жатыр. Алдағы уақытта отандық жазушылардың өзге де туындыларын оқуды жоспарлайды.

Ресоциализация орталығы –  жай ғана уақытша баспана емес. Бұл –  адамдарға қайтадан қоғамға бейімделуге көмектесетін орын. Мұнда мамандар әр адамға жанашырлықпен қарап, жан-жақты қолдау көрсетеді. Сол себепті орталықтағы тұрғындар әр күнді үмітпен қарсы алады.