Павлодарда жайдарманның жаңа маусымы ашылады
Лига ойындарына өзге облыстардан да командалар келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар сахнасына араға бір мезгіл салып жайдарман лигасы қайта оралды. Республикалық жайдарман ойындарының басшысы Есен Елеукен биылғы маусымды «саналы маусым» деп атады. Өңіріміздің жайдарманшылары көрермендердің көңілін көтеруге сақадай сай тұр.
– Әлі күнге дейін командаларды тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Енді колледжге аяқ басып жатқан жас командалар да, бірнеше жылдық тәжірибесі бар құрамалар да бар. Маусымашарды барынша көрерменге ұнамды жаңа форматта ұйымдастырмақпыз, – дейді ұйымдастырушы Алмаз Сәлденбеков.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Курчатов, Қостанай, Семей сынды қалалардан да командалар өнер көрсететін болады.
Айта кету керек, маусымашар ойыны 15 сәуір күні Торайғыров университетінің залында сағат 18:00-де өтеді.