Тұзы таусылмас Тобылжан: Павлодардағы көне кәсіптің өткені мен бүгіні жайлы

Тұзы таусылмас Тобылжан: Павлодардағы көне кәсіптің өткені мен бүгіні жайлы
Фото: Бейбіт Бекенов

Ғалымдардың пайымдауынша мұнда әлі игерілмеген миллиондаған тонна тұз бар,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мамандар Тобылжан көліндегі тұз қорын XIX ғасырдан бастап зерттеп келеді. Алайда, 1930 жылдан бері ас тұзын өндіруді бір жолға қойған кен бүгінде «Павлодар тұз» ЖШС құрамына кіреді. Кәсіпорында алынған өнім ішкі нарыққа жөнелтіліп қана қоймай, Батыс Сібір өңіріне де экспортталады.

Успен ауданының тарихи-өлкетану музейінің әкімшілік-әдіскері Бейбіт Бекеновтің айтуынша, үлкен Тобылжанда төрт миллионнан астам, ал кіші Тобылжанда бір миллион тоннадан астам тұз қоры бар. Үлкен су айдынының аумағы – 1456 гектар, ал кіші Тобылжанның көлемі – 1409 гектарды алып жатыр. Тереңдігі 40 метрге дейін жетеді.

– Бұрын тұзды түйемен тасымалдаған. Кейін осы өндіріс үшін арнайы теміржол салынды. Шикізат пойызбен жөнелтіліп, Кеңес дәуірінде Оралға, Қытайға және басқа да өңірлерге жеткізілген, – деді ол.

Тұз тасымалына пайдаланылған теміржол желісі қазір де жұмыс істеп тұр. Бүгінде бұл бағыт арқылы жақын ауылдарға көмір жеткізіледі. Кәсіпорын кейін жекеменшікке өткен.

– Бұрын ауыл халқының бір бөлігі Тобылжан тұз кәсіпшілігінде еңбек етті. Қазір тұрғындардың басым бөлігі қалада жұмыс істейді немесе мал шаруашылығымен айналысады, – деді Бейбіт Бекенов.

Жергілікті жердегілердің айтуынша, алынған тұз бірден тағамға пайдаланылмаған. Әуелі шикі күйінде сақталып, бірнеше жыл бойы арнайы өңдеуден өткеннен кейін ғана асқа жарамды болған.

Тобылжан көлдері мол тұз қорымен ғана емес, басқа да табиғи ерекшеліктерімен белгілі. Су құрамындағы тұздылық жоғары болғанына қарамастан, бұл айдындар жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы суаттарының тізіміне енгізілген.

Осылайша, Тобылжан – Кеңес дәуірінен бері жоғары сапалы ас тұзы өндірілген тарихи кәсіп орны әрі балық шаруашылығы үшін маңызы бар табиғи нысан. Бүгінде оның өндірістік тарихы мен табиғи ерекшеліктері өңірдің өзіндік мұрасын айқындай түседі.

Бұған дейін, отандық ауыл шаруашылығы жобасының авторы Серікбай Жәнібеков Тобылжан көлін дрон арқылы түсіріп, әлеуметтік желі қолданушыларын таңғалдырған еді. Тұзды көлдің ерекше түсі көпшіліктің назарын аударды. Жергілікті жұрттың айтуынша, Тобылжанның қай жерде орналасқанын көпшілік біле бермейді. Сондықтан табиғаты көркем бұл мекенге туристер де әзірге аз келеді. Айта кетейік, көлге түсуге тыйым салынған.