Қызғылт көл мен көк аспан. Тобылжан жұртты тамсандырды

Көлде ас тұзы өнеркәсіптік деңгейде өндірілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Отандық ауыл шаруашылығы туралы жоба авторы Серікбай Жәнібеков Тобылжан көлін дронға түсіріп, интернет қолданушыларын таң қалдырды. Тұзды көлдің ерекше қызғылт түсі көпшіліктің назарын аудартты.
Қолданушылар көлдің қайда орналасқаны туралы жұртшылық біле бермегендіктен, туристер аз кездеседі деген пікір де білдірді.
Көлдің сұлулығы паш етілген бейнероликті көрген азаматтар эмоцияларын да жасырмады. Табиғатты аялауға шақырғандар блогерді көлге барар жол туралы ақпаратты таратпауды да өтінді. Өйткені, ерекше су қоймасының жағдайына алаңдаулы.
«Осындай видеоны көргенде Отанымыздың сұлулығынан көзге жас келед», – деп жазады қолданушылар.
Кейбіреулер Тобылжанды трагедиялық тағдырымен танымал Көбейтұз көлімен шатастырып алған. Көлде шомылуға бола ма? Осындай сұрақтар да қойылды.
«Аспанның көгілдір түсі мен көлдің қызғылт реңкі – сұлулық пен сиқырдың ғажап үйлесімі», – деді әлеуметтік желі қолданушылары.
Видеограф бейнематериалдың өңделмегенін алға тартты. Бұл – Тобылжанның табиғи түсі.
«Елімізде қызғылт түсті екі көл бар. Бірі – Павлодардан 10 шақырым жерде, екіншісі – Астана мен Павлодардың ортасындағы 277 шақырым қашықтықтағы Көбейтұз. Көлге жаяу жету оңай емес. Оның сұлулығын биіктіктен ғана байқай аласыз», – деп жазады Серікбай Жәнібеков.
Көл туралы көпшілік біле бермесе де, кейбір павлодарлықтар бұл сұлулықты өз көзімен көруге бел буған. Велосипедші Андрей Шилюжко екі дөңгелекті серігімен бірге Павлодар өңіріндегі бірқатар елді мекендерді аралап өткен. Тобылжанға сапар – солардың бірі. Бұл шағын саяхатқа оны дәл сол видео шабыттандырыпты.
Андрей бұл ерекше көл туралы ата-анасынан жиі естіген. Бірақ, Тобылжанға барудың сәті бірнеше күн бұрын түсті. Барып–қайту бір күндік уақытқа пара–пар.
– Біз таңғы сағат жетіде велосипедпен жолға шықтық. Успен тас жолы бағытымен өндірістік аймақ арқылы өттік. Жанармай бекетінен су мен лимонад сатып алдық. жол бойында Коряковка тұзды көлін де көрдік. Су қоймасы биылғы жазда қығылт емес. Әр 15-20 шақырым сайын тоқтап, сергіп отырдық. Ефремовка ауылында дүкенге кіріп, су қорымызды тағы бір мәрте толықтырдық, – дейді Андрей.
Келесі аялдама – Розовка ауылы. Турист біршама аялдап, жолын жалғастырды.
– Тобылжанға жақындағанда ірілі–ұсақты түрлі көлдер кездеседі. Кейбірі тұщы, кейбірі тұзды. Ауыл бойымен аздап жүріп, жүрек жалғау үшін дәмханаға тоқтадық. Ол жерде дәмді тұшпара дайындалады. Бұл ас туралы Google-да жағымды пікірлер де бар. Түстеніп болған соң, Үлкен Тобылжан көліне қарай бет алдық. Алыстан көрінгенде қызғылт түсті болмады. Біраз көңілім де түсіп қалды. Дегенмен, уайымым біршама уақыттан соң басылды. Көлге жақындағанда керемет көрініске тап болдық. Қазғылт түстің қанықтығымен тамсандық, – дейді Андрей.
Көлдің жанында туристер тұз өндіру кәсіпшілігінің бұрынғы қызметкері, күзетшіні кездестірді. Ол кезінде дамуған өнеркәсіп туралы әңгіме айтып, қонақтарға тұщы су алуға болатын орынды көрсетті.
– Тобылжанның маңында ұңғымалар бар екен. Біз қорымызды толықтырып алып, Павлодарға жол тарттық. Келесі аялдама – кешкі сағат бес шамасында Розовка ауылы. Сол жерде кешкі ас іштік те, кешкі салқынмен кері сапарды жалғастырдық. Әр 15-20 шақырым сайын тоқтап отырдық, – дейді Андрей.
Велосипедшілер түнгі он бірде үйге оралған. Сапар ұзындығы 140 шақырымға созылды.
Айта кетейік, осы айдың басында Мюнхеннен келген Томми Талбикке мен Джейкоб Волл Павлодар облысы арқылы велосипедпен жүріп өтті. Қос турист Новосібірге бет алып, қазіргі уақытта Моңғолияда жүр. Олардың соңғы межесі – Қытай. Туристер жалпы 13 мың шақырымдық жолды еңсеруді жоспарлап отыр. Шетелдіктер Қазақстанның кең даласы мен жергілікті халықтың қонақжайлылығына тәнті болған.