Павлодарда бұрылыс белгісін қоспаған жүргізушілер жауапқа тартылды
Тексеру кезінде олардың қауіпсіздік белдігін де тақпағаны анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары жол қозғалысына мониторинг жүргізу кезінде Назарбаев даңғылы мен Ломов көшесінің қиылысында екі құқық бұзушылықты анықтады.
Полиция назарына Changan және Toyota автокөліктерінің жүргізушілері іліккен. Екеуі де бұрылу кезінде тиісті жарық көрсеткішін қоспаған. Сонымен қатар жүргізушілер қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарған.
Құқық бұзушылардың жеке басы анықталып, оларға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды.
– Жол қозғалысы ережелерінің қарапайым талаптарын сақтау барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Жүргізушілер маневр жасау кезінде дер кезінде тиісті белгі беріп, қауіпсіздік белдігін тағуды ұмытпауы қажет, – деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.
Полиция жүргізушілерді жолда кез келген маневр жасамас бұрын өзге қозғалыс қатысушыларына белгі беріп, қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.