Павлодарда жүкті әйелдерге арналған пансионат жұмысын жалғастырды
Бүгінде онда 22 болашақ анаға күтім көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық перинаталдық орталығы жанындағы «Салауатты ана» пансионаты акушерлік патологиясы бар және дәрігерлердің тұрақты бақылауын қажет ететін жүкті әйелдерге арналған. Мұнда негізінен облыстың шалғай ауылдарынан келген болашақ аналар орналасады.
Акушер-гинеколог, репродуктолог Алма Қатпинаның айтуынша, пансионатта әйелдер тегін тұрып, тамақтана алады және күн сайын дәрігерлердің бақылауынан өтеді. Пансионаттың перинаталдық орталыққа жақын орналасуы қажет болған жағдайда шұғыл медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
- Көбіне бізге Павлодар облысының шалғай ауылдарынан пациенттер келеді. Олардың облыс орталығында тұратын жері бола бермейді. Мұнда барлық қажетті жағдай жасалған: ас үй, санитарлық торап, душ, жайлы төсектер, теледидар және ыдыс-аяқ бар, — деді Алма Қатпина.
2026 жылдың басынан бері «Салауатты ана» пансионатында 22 жүкті әйел болған. Перинаталдық орталық пациенттерінің бірі — Аделия Қаржаубаева. Оның айтуынша, ол бұған дейін мұндай мүмкіндік бар екенін білмеген.
- Мен бұрын Павлодарда осындай пансионат бар екенін білмедім. Мұнда жүкті әйелдер үшін барлық жағдай жасалған. Өте ыңғайлы әрі жайлы. Дәрігерлердің жақын жерде болғаны және үнемі бақылауда болу мүмкіндігі маңызды, — деді Аделия Қаржаубаева.
Пансионат шалғай елді мекендерден келген жүкті әйелдерге облыс орталығында тұру мәселесін шешіп қана қоймай, жүктілік кезеңінде қажетті медициналық бақылаудан уақытылы өтуге мүмкіндік береді.