Павлодарлық полицей демалыс кезінде суға батқан ер адамды құтқарды
Тәртіп сақшысы он жылдан астам уақыт бойы патрульдік полицияда қызмет етіп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметінің аға инспекторы Әділбек Сабданбеков қоғамдық тәртіпті он жылдан астам уақыт бойы күзетіп келеді.
Оның қызметіндегі есте қалған оқиғалардың бірі биыл маусымда болған. Демалыста Баянауылдағы ата-анасына барған полицейге шұғыл көмек қажет екені туралы хабар түскен.
– Бірден оқиға орнына аттандым. Сол жерде көлдің су айдынында ер адамның бетімен төмен қарап, ес-түссіз жатқанын көрдім. Жағдайды лезде бағалап, әріптестеріммен бірге оны жағаға алып шықтық та, жүрек-өкпе реанимациясын жасауға кірістік. Жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін жүрекке жанама массаж жасап, жасанды тыныс алдыруды үздіксіз жүргіздік. Уақытылы жасалған әрекеттеріміздің арқасында зардап шегушінің өмірлік маңызды функцияларын қалпына келтіріп, іс жүзінде оның өмірін сақтап қалдық, – деді Әділбек Сабданбеков.
Патрульдік полиция қызметкерінің айтуынша, олардың жұмысы оқиға орнына жедел жетіп, стандартты емес жағдайда дұрыс шешім қабылдауды талап етеді. Кей жағдайда адамның өмірі қабылданған шешімге байланысты болуы мүмкін.
Әділбек Сабданбеков қызмет жолын патрульдік полиция батальонында бастаған. Қазір ол тәжірибесін жас қызметкерлермен бөлісіп, олардың кәсіби даярлығына көмектеседі. Қызмет барысында полиция департаменті мен Ішкі істер министрлігі басшылығының алғыс хаттары және грамоталарымен марапатталған.
Бос уақытын полицей отбасымен өткізеді. Оның жұбайы Әсем байланыс орталығында оператор болып жұмыс істейді.