Павлодардағы үш көшеде жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі
Бұл көшелердің ерекшелігі — жол учаскелерінің ұзындығы және реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерінің көптігі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласында жол-көлік оқиғалары жиі болатын учаскелердің қатарында Назарбаев, Сәтбаев және Нұрмағамбетов көшелері аталды. Бұл туралы Павлодар облысының құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментінің өкілі Гүлнұр Түсіпова баспасөз конференциясында айтты.
Мамандардың мәліметінше, аталған көшелердің ерекшелігі — жол учаскелерінің ұзындығы және реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерінің көп болуы. Биыл жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқан алты баланың үшеуі жаяу жүргінші болған. Олардың реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерінде қаза болғаны айтылды.
Құқықтық статистика өкілдерінің айтуынша, әрбір жол-көлік оқиғасының себептері жеке талданады. Жол қозғалысы ережелерін сақтамау және жүргізушілердің назарсыздығы апатқа әкелетін негізгі факторлардың қатарында. Сонымен бірге өңірдегі жалпы жол-көлік оқиғаларының саны азайып отыр. 2026 жылдың жеті айында 585 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 609 болған.
Мамандар жол қауіпсіздігін арттыруда бейнекамералар, жол белгілері және профилактикалық жұмыстардың маңызын атап өтті. Алайда балалар қатысқан жол-көлік оқиғаларының өсуіне байланысты бұл бағыттағы шараларды күшейту қажет.