Павлодар облысында сотталғандар қолданбалы өнер арқылы өз қабілеттерін танытты
Байқаудың басты мақсаты – жазасын өтеп жатқан азаматтардың шығармашылық әлеуетін ашу, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде «Үміт-2026» қолданбалы өнер байқауы ұйымдастырылды.
Байқаудың басты мақсаты – жазасын өтеп жатқан азаматтардың шығармашылық әлеуетін ашу, қолөнерге қызығушылығын арттыру және қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ету.
Байқау барысында сотталғандардың өз қолдарымен жасаған түрлі бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Қатысушылардың еңбектері шығармашылық шеберлігі, өзіндік ерекшелігі мен орындалу сапасы бойынша бағаланып, үздік жұмыстар анықталды.
«Үміт-2026» байқауының облыстық кезеңі Әскери Даңқ музейінде өтті. Мұнда қатысушылардың бірқатар туындылары көрмеге қойылып, келушілерге таныстырылды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 128 және 129-баптарына сәйкес, байқауға белсенді қатысып, жақсы нәтиже көрсеткен сотталғандарды көтермелеу мәселесі қаралды.
– Байқаудың тағы бір маңызды нәтижесі – жазасын өтеушілердің жасалған бірқатар бірегей бұйымдардың музей мен балабақша балансына берілуі. Бұл олардың шығармашылық еңбегінің қоғамға пайдалы іске айналуына мүмкіндік берді, – делінген хабарламада.
Қылмыстық-атқару жүйесі саласында мұндай шығармашылық жобалардың маңызы зор. Өйткені қолөнермен айналысу сотталғандардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, еңбекке деген қызығушылығын арттыруға, жаңа дағдылар қалыптастыруға және оң өмірлік ұстанымдарды орнықтыруға ықпал етеді.
«Үміт-2026» атауының өзі шығармашылық арқылы өзгеруге және жаңа мүмкіндікке ұмтылысты білдіреді. Байқау қатысушылардың қабілетін танытып қана қоймай, олардың қоғамға қайта бейімделуіне бағытталған жұмыстардың маңызды бөлігіне айналды.