«Таза Қазақстан»: Қоқысты белгіленбеген жерге төккен павлодарлық жауапқа тартылды
Өңірде тәртіп сақшылары абаттандыру ережелерін бұзатындармен күресті жалғастыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында полиция қызметкерлері абаттандыру қағидаларын бұзудың және қоғамдық орындарды ластаудың алдын алуға бағытталған іс-шараларды тұрақты жүргізуде.
Рейдтің негізгі мақсаты – қоғамда заң талаптарының кез келген бұзушылығына «нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастыру. Полиция қызметкерлері күн сайын рұқсат етілмеген қоқыс орындары пайда болатын аумақтарды бақылап, қоқыс пен қалдықтарды белгіленбеген орындарға төгетін, сондай-ақ лас суларды рұқсат етілмеген жерлерге ағызатын тұлғаларды анықтау бойынша мақсатты жұмыстар жүргізуде.
— Тексеру барысында Павлодар қаласында Минин көшесінде орналасқан қараусыз қалған жеке үйдің иесі оған іргелес аумақты қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарға толтырып, жер учаскесін санитарлық талаптарға сай емес жағдайда ұстаған. Осылайша, ол абаттандыру қағидаларын бұзған. Аталған факті бойынша қала тұрғынына қатысты әкімшілік материал толтырылды. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері абаттандыру саласында орын алған 5 мыңға жуық құқық бұзушылықтың жолын кесті, — делінген облыстық полиия департаментінің баспасөз қызметі берген хабарламада.
Тәртіп сақшылары павлодарлықтарға қоғамдық орындардың ластанғанын, құрылыс немесе басқа да қоқыстардың белгіленбеген жерлерге жиналғанын байқаса, бірден «102» нөміріне хабарлауға шақырады.