Павлодар облысында оңалту құралдарын тегін жалға алуға болады
Пилоттық жоба мүгедектігі бар адамдарға қажетті құралдарды уақытша өтеусіз пайдалануға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, жоба 1 шілдеден бастап «Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығымен» бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.
Қазір жалдау пунктінде 12 арба-кресло бар. Оның сегізі ересектерге, төртеуі балаларға арналған. Сондай-ақ екі ересек және алты балаларға арналған сегіз жүріп-тұруға көмектесетін құрал қолжетімді.
– Жобаға облыстың қалалары мен аудандарында тұратын мүгедектігі бар адамдар қатыса алады. Басты шарт – қажетті техникалық оңалту құралымен қамтамасыз ету туралы ұсынысы бар жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасының болуы, – деп хабарлады бөлімнен.
14 қыркүйектегі жағдай бойынша кеңес алу және жобаға қатысу үшін 36 адам жүгінген. Әлеуметтік-техникалық сараптаманың он отырысы өткізіліп, жалдау пунктінен төрт оңалту құралы берілді. Оның үшеуі кейін қорға қайтарылған.
Пилоттық жоба аясында құралдарды жөндеу мүмкіндігі де қарастырылған. Бүгінге дейін әртүрлі күрделіліктегі сегіз техникалық оңалту құралы жөнделді.
Жоба арба-кресло, жүріп-тұруға көмектесетін құралдар, таяқтар, тіреуіштер, сондай-ақ тифло және сурдотехникалық құралдарға мұқтаж тұрғындарды қамтиды.
Толық ақпаратты +7 777 954 54 29 нөмірі арқылы немесе Павлодар қаласы, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 42/1 мекенжайынан алуға болады.