Бақытжан Ерболқызы: «Таза Қазақстан» әр адамның өмір салтына айналуы керек
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында айтқаны жастар арасында ереше қолдау тапты,
Бұл туралы Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Бақытжан Ерболқызы айтты.
Оның пікірінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде табиғатқа қамқорлық жасау мен қоршаған ортаға ұқыпты қарау халықтың өмір салтының ажырамас бөлігі болуы керектігін атап өткен.
– Шын мәнінде, қаланың тазалығы – бәрімізге ортақ жауапкершілік. Бұл жерде адамның ұлтына, қызметіне немесе әлеуметтік жағдайына қарамаймыз. Бір адамның тастаған қоқысының өзі ертең қоршаған ортаға, қалаға, тіпті өзіміздің денсаулығымызға әсер етуі мүмкін, – деді Бақытжан Ерболқызы.
Депутаттың айтуынша, Отанға деген сүйіспеншілік ең алдымен өз үйіңе, ауылыңа, қалаңа қамқорлық жасаудан басталады. Сондықтан әр адам қоғамдық орындарда тазалық сақтап, қоқысты арнайы орындарға тастауға және өзінен кейін айналаны таза қалдыруға дағдылануы керек.
– Қоқысты жерге тастамау, табиғатты ластамау, қоғамдық орындарға ұқыпты қарау – қарапайым ғана әрекеттер. Бірақ дәл осындай күнделікті әдеттер қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастырады, – деді ол.
Бақытжан Ерболқызы «Таза Қазақстан» бастамасы тек белгілі бір кезеңде өткізілетін тазалық акциясы болып қалмай, әр адамның өмір салтына айналуы қажет екенін атап өтті.
– Тазалықты сырттан біреу келіп қамтамасыз етпейді – ол әрқайсымыздан басталады. Өзіміз мәдениет қалыптастырып, кейінгі ұрпаққа таза әрі жайлы орта қалдыруымыз керек, – деп ойын түйіндеді Өскемен қалалық мәслихатының депутаты.