«Таза Қазақстан»: Ақтоғай ауданының тұрғындары белсенділік танытты
Тазалық жұмыстарына ауыл тұрғындары мен қызметкерлер атсалысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Таза Қазақстан» экоакциясы аясында аудан орталығында ұйымдастырылған тазалық іс-шарасына ауыл тұрғындары, мемлекеттік қызметкерлер, аурухана қызметкерлері, депутаттар белсенді қатысты.
– Барлық мекемелердің қызметкерлері сенбілікке шықты. Ауылдағы саябақтар, көшелер, аула маңдарына тазалық жұмыстары жүргізілді. Ауыл бойынша бұл жұмыстарға шамамен 150-200 адам жұмылдырылды, – дейді ауыл әкімі Қуаныш Пістебаев.
Оның айтуынша, мұндай акциялар жиі ұйымдастырылып тұрады және тұрғындар әрдайым көмекке дайын болады.
– Әрдайым ұжымымызбен осындай жұмыстарға қатысып тұруға тырысамыз. Өзіміздің ауданымыздың көркеюі үшін жас маман ретінде қолымыздан келгенше үлес қосудамыз. Тазалық – денсаулық кепілі, – дейді Ақтоғай аудандық ауруханасының медбикесі Бәтима Ерболат.
Айта кету керек, ел президенті Қасым-Жомар Тоқаев өзінің сөзінде «Елімізді абаттандыру және көгалдандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс» екенін атап өткен еді.