Тамызда Павлодар облысында қандай ауа райы күтіледі?

Тамызда Павлодар облысында қандай ауа райы күтіледі?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жаз мезгілінің соңғы айында орташа температура +19,4...+20,7°С болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Қазгидромет» РМК-ның мәліметінше, тамыздың алғашқы онкүнігінде сынап бағанасы түнде +13...+18°С, күндіз +29...+34°С, облыстың оңтүстігінде +37°С-қа дейін көтеріледі.  

Екінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде +7...+12°С, күндіз +19...+24°С, облыстың солтүстігінде +16°С-қа дейін төмендейді деп күтілуде. 

Ал айдың ортасында сынап бағанасы түнде +13...+18°С дейін, күндіз +25...+30°С-қа дейін көтеріледі.

Тамыздың соңғы апталарында түнде +12...+17°C, күндіз +24...+29°C, ал облыстың оңтүстігінде +33°С ыстық болады. 

Бір айда жауын-шашын мөлшері нормаға жуық түседі (норма: 29-41 мм). Тамыздың басында, ортасында және аяғында жаңбыр, найзағай күтіледі. 

Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетеді.