Тереңкөлдік құтқарушылар арқан тартудан өңірде үздік атанды
Алғаш рет өткен жарысқа өңірдің түкпір-түкпірінен командалар жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында алғаш рет Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері арасында арқан тарту бойынша жарыс өтті. Турнир ҚР ТЖМ-нің XIV қысқы спартакиадасы аясында ұйымдастырылып, барлығы 19 команда, шамамен 200 қатысушы бақ сынады.
Табанды күрестің нәтижесінде бірінші орынды Тереңкөл ауданының ТЖБ жеңіп алды. Екінші орынға Май ауданының ТЖБ ие болса, үшінші орын Железин ауданының ТЖ бөліміне бұйырды.
Жеңімпаздарды облыстық ТЖД бастығы Рустамбек Амрин марапаттады. Сондай-ақ жарыстың қорытындысы бойынша департаменттің құрама командасы жасақталып, ол республикалық жарыстарда ведомствоның атынан сынға түсетін болады.