Tomorrow.Fest: Павлодар жастарына ақпараттық технологиялар әлеміне жол ашылды
Жастар цифрлық салаларды тәжірибе жүзінде сынап көрді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында IT, жасанды интеллект және стартап әлеміне қызығушылық танытқан тұрғындарға арналған Tomorrow.Fest шарасы өтті. Кездесу Pavlodar Hub, TUMO және Maker Space қауымдастықтарының бірлесуімен ұйымдастырылып, келушілерге цифрлық саладағы жаңа мүмкіндіктер таныстырылды.

Pavlodar Hub директорының міндетін атқарушы Данияр Мамытбектің айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты – IT саласына келудің қиын еместігін көрсету.
– Бүгінгі таңда жасанды интеллект пен қажетті құралдардың барлығы қолжетімді. Сондықтан осы шара арқылы тұрғындарға технологияның жаңа қырларын байқап көруге, цифрлық ортаға қалай енуге болатынын түсіндіруге тырысамыз, – деді ол.
Кездесу барысында көпшілікке стартапты қалай құрып, дамытуға болатыны, бағдарламалау мүмкіндіктері көрсетілді. Сондай-ақ тегін білім алу курстары туралы ақпарат берілді.

Павлодардағы TUMO кампусының жетекшісі Эльдар Асанов оқу мүмкіндігінің 18 жастан асқан барлық адамға ашық екенін атап өтті.
– Оқу екі кезеңнен тұрады. Алдымен тыңдаушылар төрт апталық интенсивті курстан өтеді. Кейін үздік нәтиже көрсеткендердің шамамен 10 пайызы екі жылдық оқуға іріктеледі. Осы уақыт ішінде студенттер нақты IT индустриясының талаптарына жақын тапсырмалар орындайды. Олар әлеуметтік желі, ойын, мобильді қосымша әзірлеп, жасанды интеллект моделін оқыта алады. Осы жұмыстар арқылы жеке портфолиосын қалыптастырып, кейін қызметке орналасуға немесе өз стартабын іске қосуға мүмкіндік алады, – деді кампус басшысы.
Оқу барысында техникалық біліммен қатар коммуникация, топпен жұмыс істеу секілді soft skills қабілеттерін дамытуға да мән беріледі. Студенттер қызығушылығына қарай клубтар құрып, шахмат, ойын әзірлеу және басқа да салалар бойынша орта қалыптастыра алады.

Maker Space Павлодар координаторы Ольга Грюкачтың пікірінше, бұл алаң IT-мен бірге STEM және инженерлік салаларға қызығатын жандарға да мүмкіндік береді.
– Бізде 3D-модельдеу, ойын жасау, ЖИ және инженерия бойынша клубтар бар. Maker Space-ке 13 жастан бастап қатысуға болады. Мұнда мектеп оқушылары, студенттер мен ересектер білім алады. Мысалы, ағылшын тілі сабақтарына зейнеткерлер де қатысады, – деді координатор.
Ольга Грюкачтың сөзінше, бастамаларды жүзеге асыруға еріктілер де белсенді атсалысады. Павлодардағы American Corner мен Maker Space желісі Қазақстанның бірнеше өңірінде жұмыс істейді.

Бірінші оқу легі 22 маусым мен 18 шілде аралығында өтті. Қазір екінші легке қабылдау 28 тамызға дейін жалғасып жатыр. Қызығушылық танытқандар Шөкін көшесі, 139 мекенжайындағы кампусқа барып немесе әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы тіркеле алады.

Бұдан бөлек, Pavlodar Hub-ында кез келген жастағы тұрғындарға арналған ЖИ, vibe coding, стартап әзірлеу, инкубациялық курстар, 3D-модельдеу және UI/UX дизайны бойынша кездесулер ұйымдастырылады. Hub Дүйсенов көшесі, 8, 2-қабатта орналасқан.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Tomorrow.Fest-тің басты ерекшелігі – бұған дейін бөлек жұмыс істеп келген бірнеше қауымдастықтың бір алаңда тоғысуы.