ТЖ министрі Павлодар облысында материалдық-техникалық базаны жаңғыртуды тапсырды
Шыңғыс Әрінов аумақтық бөлімшелерге барып, өрт сөндіру бөлімдерінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, министр облыстың жеке құрамымен танысып шықты. ТЖМ басшысы облыстың төтенше жағдайлар департаментінің әкімшілік ғимаратына барып, алдағы су тасқыны кезеңіне дайындығын тексеріп, проблемалық мәселелерді талқылады. Оған камералар арқылы адам денесін анықтауға мүмкіндік беретін «Hikvision» жабдығы таныстырылды. Ақылды камералар көмегінің арқасында Павлодарда 2023 жылғы шомылу маусымы оң қарқынмен өтті. Сонымен қатар, министрге жаңа өрт киім-кешегі көрсетілді. Ал ТЖД қызметкерлері департаменттің тиімділігін арттыратын заманауи дрондар мен портативті спутниктік кешен туралы айтып берді.
Одан кейін Шыңғыс Әрінов өрт сөндіру бөлімдеріне техникалық қызмет көрсету бөлімдерінде материалдық-техникалық базаны жаңғырту керектігін атап өтті. Оның сөзінше, болашақта бұл өрт сөндіру техникасын жөндеу сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, ТЖМ-нің жұмыс тобы Екібастұз қаласының өрт сөндіру бөлімшелері мен жедел құтқару жасағының базасына барып, онда техника мен жабдықтарды қарап шықты.