Түркияда зілзала құрбандарының саны 6,2 мыңнан асты
Түркиядағы екі жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 6234-ке жетті, 37 011 адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолу агенттігіне сілтеме жасап.
Түркияның 10 провинциясында іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда. Хатай провинциясында 24 жастағы мұғалім Месуда Акар қираған ғимараттың астынан 49 сағаттан кейін құтқарылды.
Сондай-ақ Түркия әуе күштерінің ұшағы Малатия провинциясынан жараланған 31 адамды Ыстанбұлға жеткізді.
Айта кетсек, Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Алматыдан Түркияға аттанды
Оның құрамында Қазақстанның республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары, медициналық қызметкерлер және құтқарушы иттер бар.
Тиісті тапсырманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берді. Қазақстан Түркияға шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар береді.
Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған елдің оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісіне байланысты 12 ақпанға дейін жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады.
Фото: facebook.com/AnadoluAgencyRussia