Қазақстан Сауд Арабиясы үшін Орталық Азиядағы негізгі серіктеске айналуда

Қазақстан Сауд Арабиясы үшін Орталық Азиядағы негізгі серіктеске айналуда
Фото: gov.kz

Бұл бағыт ұзақмерзімді стратегия мен ірі инвестициялық мүмкіндіктерге негізделген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі «Время» газетіне сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сауд Арабиясының Қазақстандағы елшісі Файсал Әл-Кахтанимен кездесуі екі ел арасындағы қатынастардың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. 

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы байланыс тек дипломатиялық қарым-қатынастармен шектелмейді. Ынтымақтастық инвестициялар, көлік-логистика, энергетика және өңірлік тұрақтылықты қамтитын кең ауқымды стратегиялық бағытқа айналып отыр.

Инфрақұрылым және инвестициялық жобалар бойынша сарапшы Әділ Ахмед Мұхаммедтің айтуынша, Сауд Арабиясының Орталық Азияға қызығушылығы елдің Vision 2030 стратегиясымен тығыз байланысты.

– Бұл бағыт тек экономиканы әртараптандыру ғана емес, серіктестік географиясын кеңейтуге бағытталған. Орталық Азия Сауд Арабиясы үшін енді екінші деңгейлі аймақ емес, стратегиялық маңызы бар өңірге айналып отыр, – деді сарапшы.

Оның сөзінше, Қазақстан бұл үдерісте ерекше орын алады. Елдің географиялық орналасуы, транзиттік әлеуеті және тұрақты сыртқы саясаты оны өңірдегі негізгі тірек мемлекеттердің біріне айналдырып отыр.

– Қазақстан Сауд Арабиясы үшін жай ғана серіктес емес, Еуразиядағы байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды платформа. Елдің теңгерімді және болжамды саясаты оны сенімді әріптес етеді, – деп атап өтті ол.

Сарапшылар соңғы келісімдер, соның ішінде үйлестіру кеңесінің құрылуы мен инвестицияларды қорғау туралы келісімдер екі ел қатынастарының жаңа институционалдық кезеңге өткенін көрсететінін айтады. Бұл ұзақмерзімді жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан үшін бұл бағыт ірі инвестициялар тартуға жол ашады. Мәселен, қуаты 1 ГВт болатын энергетикалық жобалар мен «жасыл» технологияларды дамыту бастамалары нақты нәтижелердің бар екенін көрсетеді.

Сарапшылардың бағалауынша, көлік-логистика және энергетика салаларындағы бірлескен жобалар тек экономикалық емес, стратегиялық әсерге де ие. Орта дәліздің дамуы, оның өткізу қабілетінің 6 млн тоннаға дейін артуы және халықаралық қаржы институттарының қатысуы Қазақстанның Еуразиядағы маңызды транзиттік буынға айналып келе жатқанын дәлелдейді.

– Мұндай жобалар өңірдегі өзара тәуелділікті күшейтіп, тұрақтылықты арттырады. Қазақстан бұл процесте маңызды рөл атқарады, – деді сарапшы.

Сарапшылардың пікірінше, жаһандық тұрақсыздық жағдайында Қазақстанның теңгерімді сыртқы саясаты оның халықаралық беделін арттырып отыр. Ел сенімді әрі прагматикалық серіктес ретінде қабылданады.

Осының нәтижесінде Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ынтымақтастық тек екіжақты деңгейде ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы геоэкономикалық тепе-теңдікке ықпал ететін маңызды факторға айналуы мүмкін.