Успен ауданында ферма салмақ болған шаруа қожалығы қиындыққа тап болды
Алайда маңызды инвестициялық жобаны сүйемелдеуге аудан прокуратурасы араласып, мәселе оң шешімін тапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Успен ауданында «БИК» ШҚ инвестиция сомасы 3,1 млрд теңгеге 20 жаңа жұмыс орнын құратын «500 басқа арналған тауарлы фермасын салу» жобасын іске асыруда. Шаруа қожалығы жобаға шамамен 1 млрд теңге өз қаражатын салған.
– Нысанды салу кезінде инвестор мемлекеттік қарыз алу проблемасына тап болды. Осыған байланысты аудан прокуратурасы уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен ведомствоаралық кеңес ұйымдастырып, инвесторға кредитті ресімдеу және қажетті құжаттарды жинау мәселелері бойынша жәрдем көрсетілді, – деп жазылған хабарламада.
Нәтижесінде шаруа қожалығына бірінші траншпен 500 млн теңге сомасында кредиттік қаражат берілді. Инвестор бұл ақшаға Ресейден және Еуропа елдерінен қажетті құрылыс материалдарын сатып алуды жоспарлап отыр.
Нысандағы жұмыстар жалғасуда.
Еске сала кетейік, инвесторлар проблемалық мәселелер туындаған кезде бизнес пен инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топқа 8-707-960-76-55, 31-50-75 телефон нөмірлері арқылы жүгіне алады.