Павлодар облысы бюджеттің орындалуы бойынша бірінші орында тұр
Өңір бюджетіне тоғыз миллиард теңгеге жуық жоспардан артық табыс түскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Дәметкен Бипау аппарат жиынында мәлім етті.
– Бірінші жартыжылдықтағы бюджеттің атқарылу көрсеткіштері бойынша облыстар бөлінісінде біздің өңір бірінші позицияда тұр. Жылдық жоспарға орындау пайызы бойынша екінші позицияда, – деді Дәметкен Бипау.
Баяндамашының сөзінше, 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша облыс бюджетіне кірістер 177,4 миллиард теңге жоспарымен 186,1 миллиард теңге көлемінде түсті немесе атқарылуы 104,9 % құрады. Кірістер жоспары 8,7 миллиард теңгеге асыра орындалды. Негізгі асыра орындау корпоративтік табыс салығы – 2,3 миллиард теңге, жеке табыс салығы – 2,3 миллиард теңге, қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлем – 1,2 миллиард теңге, әлеуметтік салық – 0,8 миллиард теңге. Сондай-ақ, салықтық емес түсімдер бойынша асыра орындау 1,1 миллиард теңгені құрады.
Жоспар бойынша облыс бюджетінің шығыстары 260,9 миллиард теңге сомасына игеріліп, 100% құрады. Жылдық жоспардан шығыстар 44,9%-ға орындалды. Екінші жартыжылдықта 319,9 миллиард теңге игерілуі тиіс.
– Бұл ретте мемлекеттік кірістер департаментінің белсенді жұмысын атап өткім келеді. Кірістер жоспардан бес пайызға жуық алда келе жатыр. Әрі қарай осы бағытта жұмысты жалғастыру қажет, – деді аймақ басшысы Асайын Байханов.
Сондай-ақ облыс әкімі мектептерді жөндеуді және оларды жаңа оқу жылына дайындауды ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.