Успен ауданында наубайхана ашылды

Успен ауданында наубайхана ашылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ауыл тұрғындары жергілікті нан-тоқаш өнімдерімен қамтылады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудан орталығы – Успен ауылында «ХЛЕБ.КО» отбасылық наубайханасы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске қосылды. 

Ерлі-зайыптылар Александр мен Галина Хлебко 2,5% жеңілдікпен несие алып, пеш, қамыр илегіш және басқа да қажетті жабдықтар сатып алған. Наубайханада нан және ұн өнімдері өндіріледі, бір ауысымда 200-250 нан пісіріледі. Ассортимент нан мен батонның алты түрінен, сондай-ақ нан өнімдерінің бес түрінен тұрады, төрт жұмыс орны құрылды. 

Кәсіпорынның салтанатты ашылуына қатысқан жергілікті тұрғындар өнімнің сұранысқа ие екенін атап өтті.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында жобаланған «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы  2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. 

Еске сала кетейік, былтыр желтоқсан айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Успен ауданының Ковалев ауылында жаңа медициналық пункт іске қосылды. Сондай-ақ жалпы құны 565,9 миллион теңгені құрайтын бассейннің құрылысы басталған.