Успен ауданында жолдар қашан жөнделеді?

Успен ауданында жолдар қашан жөнделеді?
Фото: София Котельникова

Мердігер ресайклинг әдісін қолданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімі Асайын Байханов Успен ауданындағы жол жөндеу жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын тексерді. 

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өндірістік бөлімінің басшысы Инна Бейм көңіл көншітпейтін жағдайда болған Чернорецк – Ольгино – Успенка – Шарбақты жолының он бес шақырымдық учаскесіне орташа жөндеу жүргізіліп жатқанын айтты. Асфальтбетон қоспасын қолдана отырып, жол ресайклинг әдісімен жөнделеді. Жұмыстар осы жылдың шілде айында аяқталады деп жоспарлануда. 

Тағы маңызды жобалардың бірі – Павловка – Галицкое автожолын жөндеу болып табылады. Бұл жолдың 15 шақырым учаскесі жөндеуді талап еткен еді. 

2025 жылы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін аудандағы жолдар толығымен нормативтік жағдайда болады. Сонымен қатар, аталмыш трассада Галицкое ауылының маңында жарықтандыру орнатылады.

– Біз әрқашан бірінші кезектегі міндеттерді шешуіміз керекпіз, әсіресе  жолдардың жөнделуі. Нашар жолдар – халықтың ауылдардан кетуіне  себепші болатын мәселелердің бірі. Жарықтандыруды орнату – бұл өте дұрыс бастама. Болашақта кем дегенде көше үлгісіндегі қоғамдық дәретханаларды орнату туралы да ойлану керек, – деді Асайын Байханов.

Бұдан бөлек, ауылдарға кірме жолдар белсенді қалпына келтірілуде. Бүгінде Тимирязево, Константиновка, Галицкий және аудан орталығындағы кентішілік жолдар жөнделуде. 

Естеріңізге сала кетейік, өңір басшысы Успен ауданына жұмыс сапарымен келген болатын. Ол жергілікті фермерлердің көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысты.