Успендік Азия чемпионы алдағы бес жылға өз таңдауын жасады

Успендік Азия чемпионы алдағы бес жылға өз таңдауын жасады
Коллаж PN

Армрестлингтен Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ержан Смағұлов сайлауға қатысып, азаматтық ұстанымын білдірді. Спортшының айтуынша, ел болашағына бейжай қарамай, әр азаматтың дауыс беруі маңызды,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Успен ауданында дауыс берген Ержан Смағұлов қоғамдық өмірден шет қалмау әр азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтті. Халықаралық жарыстарда аудан мен ел намысын қорғап жүрген спортшы сайлауға қатысуды азаматтық белсенділіктің бір көрінісі деп санайды. 

– Спортшы ретінде ауданымыз бен еліміздің намысын халықаралық аренада қорғап жүргендіктен, қоғамдық өмірден шет қалмауды маңызды санаймын. Әрқайсымыз азаматтық ұстанымымызды білдіріп, болашаққа үлес қоса аламыз, – деді ол.

Оның сөзінше, спорт адамды тәртіпке, жауапкершілікке және алға қойған мақсатына жетуге тәрбиелейді. Мұндай қасиеттер қоғам өмірінде де айрықша мәнге ие.

– Сайлауға қатысу – әр тұрғынның өз пікірін білдіруіне берілген мүмкіндік. Сондықтан бұл құқықты пайдаланып, азаматтық белсенділік таныту маңызды, – деп түйіндеді спортшы.

Айта кетейік, 29 қарашада Павлодар облысында 14 мәслихаттың депутаттары сайланып жатыр. Оның бірі – облыстық, үшеуі – қалалық, ал оны – аудандық мәслихат. Барлығы 189 депутаттық мандат сарапқа салынады. Сайланған депутаттардың өкілеттік мерзімі – бес жыл.

Өңір бойынша 503 мыңнан астам сайлаушы 521 учаскеде дауыс бере алады. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сағат 10:00-дегі жағдай бойынша 50 мыңнан астам тұрғын өз таңдауын жасаған.

Сайлау учаскелері таңғы сағат 7:00-де жұмысын бастады. Дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.