Павлодарда екі мыңнан астам жүргізуші көлік тұрағы ережесін бұзған

Павлодарда екі мыңнан астам жүргізуші көлік тұрағы ережесін бұзған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жүргізушілер көбіне көліктерін жолдың жүру бөлігіне, жаяу жүргіншілер жолына және балалар ойын алаңдарына қойып кетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, мұндай заңсыз әрекеттер басқа көліктердің қозғалысына кедергі келтіріп қана қоймай, жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі сияқты арнайы техникалардың өтуін қиындатады.

Мәселен, М. Мақатаев көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында өзге көліктердің жолын бөгеген «Toyota» иесіне қатысты хаттама толтырылды. Дәл осындай жағдай Толстой көшесінде де тіркеліп, «BMW» маркалы автокөліктің балалар алаңының жанына қойылғаны анықталды. Барлық құқық бұзушыларға қатысты тиісті шаралар қолданылды.

– Жүргізушілер арнайы жол белгілері мен тоқтауға немесе тұраққа қоюға тыйым салатын жол таңбаларына, сондай-ақ тұрақ аймақтарының шекараларына назар аударуы қажет. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдарға арналған орындарды мақсатсыз иеленуге болмайтынын ескертеміз. Бұл талаптарды орындамау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады, – деп атап өтті ведомство өкілдері.

Жыл басынан бері өңірде тұрақ қағидаларын бұзғаны үшін 2260 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.