Биыл ауқымды инвестициялар Ақсуды дамытуға мүмкіндік береді

Биыл ауқымды инвестициялар Ақсуды дамытуға мүмкіндік береді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шаһардағы қараңғы көшелер мен тұрғын үйлерді жарықтандыру мәселесіне қатысты сұраққа Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов тікелей эфирде жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңір басшысының айтуынша, соңғы бірнеше жылда абаттандыру жұмыстары алдымен облыстың ірі қалалары – Павлодар мен Екібастұзда жүргізілген.

– Ақсулықтардың жарықтандыру мәселесіне қатысты сұрағы орынды. Бірден айтайын, соңғы жылдары біз ең алдымен Павлодар қаласы мен Екібастұзға басымдық бердік. Бұл қалаларда абаттандыру деңгейін белгілі бір көрсеткішке жеткізу қажет болды. Сол себепті Ақсу қаласына дәл сондай көлемде қаржы бөлінген жоқ, – деді Асайын Байханов.

Әкімнің айтуынша, 2026 жыл Ақсу қаласын абаттандыру жылы болып белгіленген. Бұл тек атау емес, нақты қаржыландырумен бекітілген.

– Бұған дейін бөлінбеген қаражаттың орнын толтыру үшін Ақсу қаласына бөлінетін бюджеттік инвестицияларды 2,5 есе арттырдық. Жалпы жеті миллиард теңге қарастырылды. Оның 3,5 миллиарды биылғы абаттандыру жұмыстарына бағытталады, – деді ол.

Бұл қаражатқа көшелерді асфальттау, жарықтандыру, тротуарлар салу, сондай-ақ аулаларды кешенді абаттандыру жоспарланып отыр.

– Бірінші кезекте 1,7 миллиард теңгеге көшелер асфальтталып, жарық орнатылады, жаяу жүргіншілер жолы салынады. Сонымен қатар 16 аула толықтай жаңғыртылып, балалар және спорт алаңдары салынады. Бұл жұмыстар көктемде басталады, – деп нақтылады облыс әкімі.

Тұрғын үйлердің сәулеттік жарықтандырылуына қатысты да жоспар бар.

– Павлодар мен Екібастұзда енгізілген тәжірибені Ақсуда да қолданамыз. Қазіргі таңда Ақсу қаласында 31 үй осылай безендірілген, алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасады, – деді Асайын Байханов.

Әкім аулаларды абаттандыру көрсеткішіне де тоқталды. Бүгінде Павлодар қаласында аулалардың 96 пайызы, Екібастұзда 85 пайызы абаттандырылған. 

– Осы көрсеткіштерге қол жеткізгеннен кейін біз Ақсу қаласын жүйелі түрде қолға алдық. Биыл Ақсуға ерекше назар аударылады: аулаларды абаттандыру, көшелерді асфальттау, көгалдандыру және жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі, – деді ол.

Айта кетейік, Ақсудың орталық көшелерінде жарықтандыру жұмыстары 2025 жылы аяқталған. Қазіргі таңда жарықтандыру деңгейі 98 пайызды құрайды, қалған екі пайызды толық шешу үшін қажетті қаражат бөлінген.