Заманауи инфрақұрылымға қадам: Павлодардағы жерасты өткелі жаңғыртылады

Реконструкциядан кейін электрлі пандустар мен бейнебақылау камералары орнатылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Академик Сәтбаев көшесі бойындағы жерасты өткелінде реконструкция жұмыстары басталып кетті. Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің айтуынша, құрылыс қауіпсіз және заманауи қалалық инфрақұрылым нысанын құруға бағытталған.
– Жерасты өткелінің қанағаттанарлықсыз жағдайына байланысты оның толық қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта демонтаж жұмыстары жүргізілуде. Жоба ішкі және сыртқы әрлеуді жаңартуды, баспалдақтарды ауыстыруды, электрлі пандустар мен бейнебақылау камераларын орнатуды көздейді, – деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
2024 жылы жасалған жоспарлы жөндеу жұмыстары бір жылға ғана жетті. Ал биыл шілдеде вандалдар муралдарды бүлдіріп кеткен болатын. Енді ескі қасбеттегі суреттер заманауи фибробетонды қасбеттік панельдерге ауыстырылады. Жұмыстар 20 қыркүйек күні аяқталады деп жоспарлануда.
Еске сала кетейік, өткен жылы шаһар басшысы Хасар Хабылбековтің бастамасымен және қалалық депутаттар қолдауымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жерасты өткелінің қабырғаларын қаламыздың колледж және университеттер студенттері безендіру жұмыстарымен айналысты. Үлкен «кенепте» Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңінің үзіндісі жазылған еді.