Ақтоғай ауданында спортпен шұғылдануға жаңа мүмкіндіктер пайда болды

Бұл жетістік мемлекеттік өңірлерді дамыту бағдарламасы аясындағы «Ауыл – ел бесігі» жобасының арқасында жүзеге асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудан әкімі Қаршыға Арыновтың айтуынша, Қараоба ауылдық округі – Ақтоғайдағы ең белсенді спорттық аймақтардың бірі.
– Мұнда еркін күрес, қазақ күресі, белбеу күресі, футбол және волейболмен айналысады. Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені балалар мен жастар үшін тартымды орынға айналып, болашақ жеңістер аренасы және округ үшін үлкен серпіліс боларына сенімдімін, – деді әкім ауыл тұрғындарын құттықтап.
Қараоба ауылдық округі мақтаныш тұтатын спортшылардың қатарында еркін күрестен КСРО спорт шебері Ғабидолла Сағандықов, қазақ күресі бойынша БЖСМ-нің аға жаттықтырушысы, бірнеше чемпиондарды тәрбиелеген Мейрам Қамзин, сондай-ақ Дархан Жоламанов, Талап Сағандықов, Салман Мержоев, Кенжебек Нәкенов сынды жаттықтырушылар бар.
Болашақ спорттық жеңістердің берік іргетасын спорт ардагерлері Оразкен Тоққожин, Бейсембек Ибраев және Балтабай Қалиев қалаған.
Аудан әкімі дене тәрбиесі ардагері Ботай Ахметжановқа ерекше алғыс білдірді. Оның басшылығымен Қараоба округі бірнеше рет аудандық спартакиадалардың жеңімпазы атанған.
Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салған мердігер – «AA-BUILDING» ЖШС. Нысан екі блоктан тұрады.
Біріншісі – әкімшілік бөлім: мұнда әкімшілік, жаттықтырушы мен медбике кабинеттері, ерлер мен әйелдерге арналған киім ауыстыратын бөлмелер, санитарлық тораптар мен душ, жинау құралдары мен спорттық жабдықтарды сақтайтын бөлмелер, электр қазандығы және электроқалқан бар.
Әкімшілік ғимарат ангар типіндегі спорт залына галерея арқылы жалғанады. Онда волейбол, футбол, баскетбол ойнауға, төсеніштерді жайып, күрес жарыстарын өткізуге болады.
Ашық аспан астында да жаттығу жасауға жағдай жасалған: баскетбол алаңы, тартан жабынындағы жаттығу құрылғылары орнатылған.
Жаңа кешенде 90-нан астам оқушы спортпен тұрақты түрде шұғылданатын болады. Мұнда футбол және еркін күрес бойынша БЖСМ тәрбиеленушілеріне оқу-жаттығу процесі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, спортпен айналысқысы келетін кез келген тұрғынға есік ашық.
Қараоба ауылдық округінде чемпиондардың жаңа буыны өсіп келеді: бес асықтан спорт шеберіне үміткер Махаббат Алпысбай мен спорт шебері Гүлжазира Алпысбай, еркін күрестен ҚР чемпионатының күміс жүлдегері Даяна Сәденова және ҚР чемпионы Жанна Сәденова.