Жаңа туған нәресте санитарлық авиациямен Павлодарға жеткізілді
Сәбиге екі түрлі диагноз қойылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы 9 шілде күні Павлодар – Екібастұз бағыты бойынша шұғыл санитарлық рейсті орындап, мамандандырылған медициналық көмекті қажет еткен жаңа туған нәрестені тасымалдады.
Екібастұз қаласында тікұшақ бортына ақ желеңділермен бірге жаңа туған сәби мен оның анасы мінді. Ұшу барысында кішкентай науқастың жағдайы санитарлық эвакуацияны сүйемелдеген медицина қызметкерлерінің тұрақты бақылауында болды.
– Тікұшақ экипажының, медицина қызметкерлерінің үйлесімді іс-қимылы және жедел өзара әрекеттестігінің арқасында сәби анасымен бірге Павлодар қаласына аман-есен жетіп, әрі қарай мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін дәрігерлерге тапсырылды, - делінген хабарламада.
Облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, шақалақ қазіргі таңда анасымен бірге облыстық перинаталдық орталықта ем алуда. Жаңа туған ұл балаға тыныс алу бұзылысы синдромы мен туа біткен пневмония диагнозы қойылған.