Жаңа жыл қарсаңында Ақтоғай ауданында кезекте тұрған отбасылар үйлі болады

Жаңа жыл қарсаңында Ақтоғай ауданында кезекте тұрған отбасылар үйлі болады
Фото: pixabay.com/Nuttawan Jayawan

24 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудан әкімі Қаршыға Арыновтың айтуынша, Ақтоғай ауылында маусым айында мердігер «Окей» ЖШС 24 пәтерлі тұрғын үйді салып аяқтады. Бұл үйдің сапасы жоғары деңгейде бағаланып отыр. Қазір нысан «Отбасы банк» бақылауына өтті. 

Әкімнің сөзінше, ауданда баспанаға мұқтаж азаматтардың сұранысы жоғары.

– Бүгінде 235 адам кезекте тұр. 24 пәтерлі бұл үй желтоқсан айының ортасында пайдалануға беріледі. Кезектегі азаматтардың деректері «Отбасы банкінің» базасында сақтаулы, – деді ол.

Ғимарат үш кіреберіс және екі қабаттан тұрады. Әр пәтерде дайын жуыну бөлмесі бар: дәретхана, ванна және шұңғылша. Яғни, жаңа үйдің тұрғындарына сантехника сатып алудың қажеті жоқ. Сондай-ақ әрбір пәтердегі төбенің биіктігі аспалы төбелерді ескергенде 2,5 метрге жетеді. Еденге линолеум төселген. Биыл аудандағы құрылыс көлемі 9,9 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 174,4 пайыз болды. «Окей» ЖШС салған үйдің жалпы ауданы 3,7 мың шаршы метрден асады. 

Еске сала кетейік, бұған дейін аудан әкімі келер жылға Шолақсор ауылындағы кіреберіс жолының жөндеу жұмыстары және жаңа көпір құрылысы жоспарланғаны айтқан болатын. Сонымен қатар, биыл шаруалардың майлы дақылдарға басымдық берілді. Оның сөзінше бұл нарық талабына сай болған өзгеріс. 

Аудан аумағында қашан бассейн салынатыны белгілі болды. Қаршыға Арыновтың айтуынша, құрылыс 2027 жылы басталады. Қазір жобалық-сметалық құжаттаманың әзірленуі аяқталу сатысында тұр. Келер жылдың басында мемлекеттік сараптаманың мақұлдауы күтілуде.