Ақтоғай ауданында бассейн қашан пайда болады?
Жоба облыс әкімінің тапсырмасы аясында жүзеге асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арыновтың сөзінше, жобалық-сметалық құжаттаманың әзірленуі аяқталу сатысында тұр. Келер жылдың басында мемлекеттік сараптаманың мақұлдауы күтілуде.
– Мемлекеттік сараптама оң бағасын алып, қаржыландыру мәселесін бір жылда шешу қиынға соғуынан, құрылыс 2027 жылы басталуы жоспарланып отыр. Жаңа нысанға жас буын ерекше үміт артып отыр, – деді ол.
Бассейн салуда басқа аудандардың тәжірибесі ескерілетін болады. Қазіргі таңда Ертіс, Май және Успен аудандарында бассейндер құрылыс үстінде.
Айта кетейік, биыл Баянауыл ауданында «Bayanaul Arena» сауықтыру кешені ашылды. Кешенде 25 метрлік төрт жолақты бассейн бар.
Бұған дейін Аққулыдағы бассейн жобасы тым қымбат деп танылған еді. Өңір басшысы сметалық құжаттарды қайта қарастыруға тапсырма берді.