Жалаулы ауылында жанып кеткен амбулатория қалпына келтірілді
Өрттің шығуына қауіпсіздік шараларының бұзылуы себеп болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, аудан прокуроры, облыстық мәслихат депутаты, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің төрағасы, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Жалаулы ауылдық округінің активімен кездесті.
Кездесуде ауыл тұрғындары Алшынов мектебінің шатырын ауыстыру, су басу қаупі, жылжымалы дәріханалардың бару кестесі,және ауданның экономиканың нақты секторы бөлімінің балансында тұрған үйді жөндеуге қатысты мәселелерді көтерді. Барлық мәселелер аудан әкімдігі басшылығының назарына жеткізіліп, бақылауға алынды. Сонымен қатар, жұмыс тобы Жалаулы ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда да болып, өрттен кейінгі қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.
Облыстық мәслихат депутаты Қалауиден Ибрагимовтың айтуынша, өртті жергілікті тұрғындар мен өрт сөндірушілер дер кезінде байқап, сөндірді. Өрттің шығуына ұзақ уақыт жанып жатқан қазандықтың құбырын тазалау кезінде қауіпсіздік шараларының бұзылуы себеп болған, соның салдарынан арқалық ішіндегі ағаш қыза бастаған.
– Жұмыстың сапасын өзім тексеріп, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және қазандықтарды бөлек бөлмелерге орнату қажеттігін түсіндірдім. Ауылдарды аралау барысында денсаулық сақтау, білім беру, жылу, жайылым, мал азығына байланысты халықтың басқа да мәселелерін анықтап, талқыладық. Барлық мәселелер бойынша түсіндірмелер мен ұсыныстар беріліп, оларды шешу шаралары қабылданды, – деді депутат.
Ғимараттың жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер барлық бүлінген жерлерді жөндеп, шатырды ауыстырып, төбелерді қаптап, қабырғаны кірпішпен қаптап, қамыстарды алып, жанбайтын материалдарды пайдаланған.