Павлодарда саяжайлардағы мас адамдар айықтырғышқа жеткізілді
Тәртіп сақшылары рейд жүргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Құқық бұзушылықтың алдын алу айлығы аясында полиция қызметкерлері «Металлург», «Яблонька» және «Южный» бау-бақшаларына рейд жүргізді.
Учаскелік полиция инспекторларынан басқа, рейдке полицияның атты взводы да қатысты.
– Бірнеше рет осы аймақтағы қала тұрғындарынан белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар тұратыны, алкогольдік ішімдіктер ішетіні, мүлікті ұрлайтыны туралы қоңыраулар мен шақырулар түсті. Полиция қызметкерлері елуден астам қараусыз қалған саяжайды аралап шықты. Пысықтау нәтижесінде 13 құқық бұзушылықтың жолын кесіп, мас күйінде жүрген жеті азамат ұсталды. Тексеруден кейін бұл азаматтар уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Арман Қаптаев.
Сондай-ақ, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ тоғыз адам ұсталып, барлық құқық бұзушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізілді.
Атты полиция күн сайын көлікпен жүру қиын немесе мүмкін емес жерлерге рейд жүргізеді.
Айта кетейік, жазғы саяжалайларды аралау қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың жолын кесу, көші-қон заңнамасын сақтау, іздеуде жүрген, сондай-ақ белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды анықтау мақсатында жүргізілді.