Жарқынбек Амантай өзін қолдаған павлодарлықтарға алғысын білдірді
Оған дауыс берушілердің 50% - дан астамы өз дауысын берген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
- ҚР Парламенті Мәжілісіне сайлау қорытындысының ресми нәтижесі жарияланды. Жерлестерімнің қолдауының арқасында мен Павлодар облысы бойынша N23 округінде жеңіске жеттім. Дауыс берушілердің жалпы санының 50% - дан астамы менің кандидатурамды таңдады, - деді Жарқынбек Амантай.
Ертіс-Баян өңірінен ҚР Парламенті Мәжілісіне жол салатын жас депутат өзін қолдаған әр жанға ерекше алғысын білдірді.
- Мен үшін өз дауысын бергендердің барлығына үлкен алғыс айтамын. Ақсақалдарымыздың ақ баталары қабыл болды. Кездесулерде маған берген әрбір ұсыныс пен тілек аса маңызды. Ол менің алдағы жұмыстарымның негізгі бағытына айналады. AMANAT партиясының филиалдарымен бір отбасындай біріге қызмет еттік. Жұмыс топтарына, қоғамдық ұйымдарға және үгіт-насихат науқаны кезінде кездескен барлық адамдарға рахмет. Бәсекелестеріме де алғыс айтамын, бұл ұмытылмас жарыс болды. Менің тату командама ерекше ризашылымды білдіремін, - деп түйіндеді сөзін ол.
Әзірден жауапкершілік жүгін сезінген Жарқынбек бүгінгі таңда халықтың талабы өзгергенін де тілге тиек етті.
Жерлесіміздің Парламент мінберінде ел үдесінен шығарына сенеміз!