Жас мамандар мемлекеттік қызметке қабылдау ережелерін қайта қарауды сұрайды
Мәселе – мемлекттік қызметшілерге қойылған біліктілік талаптарында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл сұрақты облыстық студенттік омбудсмен Даурен Шәріпов көтерді. Оның айтуынша, «Ғылыми география» мамандығының магистранттары «жер қатынастары» бағыты бойынша мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болып отыр.
– Біздің ойымызша, біліктілік талаптары дұрыс қойылмаған. Соның салдарынан біз мемлекеттік органдарда жұмыс істей алмаймыз. «Ғылыми география» білім беру бағдарламасы «Жер туралы ғылымдар» тобына кіреді. Бірақ біздің түлектер талаптарға сәйкес келмегендіктен жер қатынастары басқармасында жұмыс істей алмайды. Бұған дейін тиісті ведомстволарға хат жолдадық, алайда әлі нақты жауап жоқ, – деді студенттік омбудсмен.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов біліктілік талаптарының шынында да әртүрлі екенін атап өтті, бірақ әкімдік Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.
Агенттіктің облыстық департаментінің өкілдері мәселені жан-жақты зерттеп, кешенді шаралар қабылданатынын жеткізді.
– Біз жас мамандардың болашағына балта шапқымыз келмейді. Ресми хат түрінде сұраныс жасап, оны талқылау қажет, – деді Асайын Байханов.
Сонымен қатар ол Даурен Шәріповті жеке қабылдауға шақырып, мәселені құзырлы органдармен бірге талқылап, шешімін табуды ұсынды.