Павлодарда мүгедектігі бар ересектерге арналған реабилитация мәселесі талқыланды

Павлодарда мүгедектігі бар ересектерге арналған реабилитация мәселесі талқыланды
Фото: pixabay.com/BeatriceBB

Қазіргі уақытта шаһарда ересектер үшін толыққанды медициналық оңалту орталығы жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың халықпен жыл сайынғы кездесуінде медициналық оңалту қызметтерінің қолжетімділігі, әсіресе 18 жастан асқан азаматтар үшін, өзекті мәселе ретінде көтерілді.

Кездесу барысында физиотерапия, балшықпен емдеу, массаж, ЛФК және кинезотерапия сияқты қызметтерге сұраныс жоғары екені айтылды. Әкімнің сөзінше, бүгінде мемлекет өз міндеттемелері аясында 18 жасқа дейінгі балаларды толық қамтамасыз етеді.

– Соңғы үш жылда Павлодар қаласында төрт реабилитациялық орталық ашылды, тағы бір ірі нысан – «Жасыл тоғай» аумағындағы медициналық оңалту орталығы қайта жаңғыртылып жатыр. Ол толықтай медициналық бағытта жұмыс істейді, – деді ол.

Әкім 18 жастан асқан адамдарға қатысты мәселе бар екенін жоққа шығармады. Оның айтуынша, бұл бағытта жеке оңалту орталықтарының рөлі маңызды.

– 18 жастан асқан азаматтар үшін оңалту қызметтерін негізінен жекеменшік орталықтар көрсетуі керек. Бірақ біз де шет қалмаймыз. Қала әкімдігімен бірлесіп, жеке бастама көтеріп отырған азаматқа ғимарат тауып беруге көмектесу мәселесін қарастырып жатырмыз. Егер лайықты нысан табылса, жалдау ақысынсыз, тек коммуналдық қызметтерді төлеу шартымен беру мүмкіндігін қарастырамыз, – деді Асайын Байханов.

Қазіргі таңда Лермонтов көшесінде балаларға арналған реабилитация бар. Ал 18 жастан асқан, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін толыққанды медициналық оңалту орталығы жоқ. 

Облыс әкімі бұл ұсыныстың орынды екенін айтып, аталған мәселе қала және облыс деңгейінде бақылауда болатынын жеткізді.