Павлодарда «Алтын сақа» орталығында кітапхана-коворкинг және оқу залы ашылды

Павлодарда «Алтын сақа» орталығында кітапхана-коворкинг және оқу залы ашылды

Ашылу салтанатында қазақтың арғы-бергі тарихынан сыр шертетін аса құнды 50 томдық кітап тарту етілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Орталық басшысы Саян Мұқановтың ұйтқы болуымен, облыстық білім басқармасының басшысы, С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап кітапханасының директоры, Павлодар қаласы әкімдігінің және қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қолдауымен екінші Павлодар ауданында шоғырланған «Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығында кітапхана-коворкинг және оқу залы жұмысын бастады.

– Бұл игілік қосымша білім беру мекемесі саналатын «Алтын сақаның» шәкірттері мен мамандарына ғана емес, сондай-ақ орталық орын тепкен аудандағы жұртшылыққа да жасалған рухани тарту болмақ, – дейді Саян Мұқанов.

Кітапхана-коворкингтің ашылу салтанатында сөз алған қатысушылар осындай игі істің маңызы зор, әрі жас ұрпақты, жалпы қоғамды рухани құндылықтарға тәрбиелеуде заманауи кітапханалар қызметі қажет екенін тілге тиек етті.

Кітапхана-коворкингтің тұсауын кесу құрметіне ҚР кітапхана ісінің үздігі белгісінің иегері, облыстық әмбебап кітапхананың директоры Шолпан Шахметова және «Алтын сақа» орталығының тәрбиеленушісі Абдулхаким Азаматұлы ие болды.

Айта кетелік, облыстық білім басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның атынан  кітапхана-коворкингке қазақтың арғы-бергі тарихынан сыр шертетін аса құнды 50 томдық кітап тарту етілді. Сондай-ақ, облыстық кітапхана мен қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі тарапынан түрлі бағыттағы құнды әдебиеттер сыйға берілді.

Сонымен қатар, журналист-тәлімгер Асыл Әбішев өзінің жеке кітап қорынан 100-ден астам түрлі кітаптарды балалар игілігіне сыйға тартты.

Алдағы уақытта мұндағы кітап қоры толыға түседі деп жоспарлануда. Бұл ретте тараптар әрдайым қолдау жасауға дайын екендіктерін жеткізді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от @altyn_saqa_pvl