Жағымсыз иіс: Павлодарлық экологтар ауа сапасын тағы бір мәрте тексерді

Жағымсыз иіс: Павлодарлық экологтар ауа сапасын тағы бір мәрте тексерді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыс орталығының тұрғындарынан атмосфералық ауаның ластануы бойынша шағымдар түсуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Қазгидромет» РМК Павлодар филиалының деректеріне сәйкес, 2–5 тамыз аралығында бақылау бекеттерінде ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрацияларының (ШРК) асып кетуі тіркелген жоқ.

Қаладағы атмосфералық ауаның жай-күйіне мониторинг жүргізуді «Қазгидромет» РМК жүзеге асырады. Атмосфералық ауа сапасы жеті стационарлық бақылау бекетінде бақыланады. Олар Мәскеу көшесі, 12/1, Айманов көшесі, 26/1, Ломов көшесі, Каз.Правда көшесі, Естай көшесі, 54, Затон көшесі, 39, Генерал Дүйсенов және Торайғыров көшелерінің қиылысы мекенжайларында орналасқан. 

Сонымен қатар, 3 тамыз күні облыстық экология департаменттің жылжымалы зертханасы атмосфералық ауаның сапасына көшпелі мониторинг жүргізді. Зерттеу Усолка шағын ауданы, Химқалашық, ЦУМ ауданы, Назарбаев даңғылы мен Толстой көшесінің қиылысы, сондай-ақ, ПНХЗ-ның санитарлық-қорғау аймағында ұйымдастырылды.

4 тамыз күні сағат 19:30-дан 22:00-ге дейін департамент пен облыстың Жерасты байлықтарын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасымен бірлесіп, қала аумағында және ПНХЗ кәсіпорнының санитарлық-қорғау аймағында атмосфералық ауаның сапасына қайталама мониторинг жүргізді. Мониторинг кәсіпорынның жел жақ және желге қарсы беттерінде қатар өткізілді.

Қазіргі уақытта атмосфералық ауаның сапасына мониторинг жүргізу облыстық экология департаменті тарапынан жалғасуда.