Железин ауданындағы Березовка ауылының мектебі жаңартылды

Железин ауданындағы Березовка ауылының мектебі жаңартылды
Фото: Березовка ауыл әкімді

50 жылдан бері алғаш рет күрделі жөндеу жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жобаны жүзеге асыруға конкурстық рәсімдер нәтижесінде «ЛОГОТЕК KZ» ЖШС мердігерлік ұйымы анықталды. Оған 380 миллионнан астам қаржы бөлінді. Сонымен қатар, техникалық қадағалауды «Engineering Supervision Service» ЖШС, ал авторлық қадағалауды жеке кәсіпкер Александр Свечников жүзеге асырды.

Жөндеу барысында мектептің шатырынан бастап терезелері мен есіктері толық ауыстырылып, электр сымдары жаңартылды. Сондай-ақ қабырғалар тегістеліп, дәретханалар қалпына келтірілді, жаңа қазандық орнатылды. Қоршау мен кіреберіс абаттандырылып, бейнебақылау жүйесі мен өрт дабылы да жаңадан қойылды.

Мектеп 1972 жылы салынған, бұған дейін бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Жөндеу жұмыстары 2025 жылғы 1 мамырда басталып, 27 тамызда аяқталды. Бүгінде мектепте 1-9 сыныпта 31 оқушы білім алады. Бұдан бөлек, мектепалды даярлық тобында тоғыз бала, ал мини-орталықта алты бала тәрбиеленуде. Оқу орнында 18 мұғалім мен 4 тәрбиеші еңбек етеді.