Павлодарда қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің облыстық форумы өтті
Іс-шара Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия базасында Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі, ұлағатты ұстаз Рәзия Молдабекованың 100 жылдығына арналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
«Қазақ тілі мен әдебиетін оқыту: өзекті мәселелері және бүгінгі күннің ерекше ұстанымдары» тақырыбымен өткен симпозиум-форум педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына арналды. Іс-шара барысында заманауи оқыту әдістерін, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісінде қолдану, сондай-ақ оқушылардың көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Форумға Павлодар облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Баширова, ғалымдар, ардагер ұстаздар және өңірдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қатысты. Пленарлық отырыста Рәзия Асқарқызының өнегелі өмірі мен мол ұстаздық мұрасына арналған естелік сөздер айтылып, бейнефильм көрсетілді.
TED-X форматындағы тәжірибе алаңында педагогтер өздерінің озық идеялары мен инновациялық тәжірибелерін ұсынып, кәсіби пікір алмасты. Форум қорытындысында үздік педагогикалық идеялар марапатталып, ұлағатты ұстаздың рухани мұрасы тағы бір мәрте ұлықталды.