Ұстаздан — ұлағат: Ақсуда ардагер педагогпен кездесу өтті

Ұстаздан — ұлағат: Ақсуда ардагер педагогпен кездесу өтті
Фото: ашық дереккөзден

Ардагер ұстаз өзінің еңбек тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақсу қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінде педагогика саласының ардагері, білім ордасының алғашқы директоры, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген Рымкеш Сламбековамен шығармашылық кездесу өтті.

– Ұстаздар күні – өскелең ұрпаққа білім беріп, тәлім-тәрбие дарытып, өмірде дұрыс жол табуына бағыт-бағдар көрсетіп жүрген жандарға құрмет пен алғыс білдіретін ерекше мереке. Бүгінгі кездесудің мақсаты – жас ұрпақты білім саласының ардагері Рымкеш Хамитқызының өмірімен және педагогикалық қызметімен таныстыру, – деді шара ұйымдастырушылары.

Кездесу барысында қатысушыларға Рымкеш Хамитқызының өмірі мен еңбек жолы туралы бейнеролик көрсетілді. Мектеп директоры Индира Егіс жиналғандарды мерекемен құттықтап, ардагер ұстаздың білім саласының дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті.

Рымкеш Хамитқызы 1950 жылы 13 шілдеде Павлодар қаласында қызметкерлер отбасында дүниеге келген. 1957 жылы №9 орта мектептің бірінші сыныбына барған. 1967 жылы Павлодар облысының Ермак қаласындағы (қазіргі Ақсу) №1 орта мектепті тәмамдаған.

Сол жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, 1971 жылы жоғары оқу орнын бітірген. Институтты аяқтағаннан кейін өзі білім алған мектепке математика пәнінің мұғалімі болып оралған.

1976 жылдан бастап оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарды. 1983-1999 жылдары №1 орта мектептің директоры болды. Ал 1999 жылдың желтоқсанынан 2013 жылдың қыркүйегіне дейін Ақсу гимназиясын басқарды. Сонымен қатар, қалалық мәслихат депутаты болып екі рет сайланған.

Кездесу кезінде Рымкеш Хамитқызы ұстаздық жолындағы жарқын естеліктерімен бөлісіп, мектептің қалыптасу тарихын, еңбек жолының алғашқы жылдарындағы қызықты оқиғаларды және мұғалім мамандығы жүктейтін үлкен жауапкершілікті әңгімеледі.

Жылы әңгімелер мен әсерлі естеліктерге толы кездесу жас ұрпаққа ұстаз еңбегінің маңызын тереңірек түсінуге және аға буынның мол тәжірибесінен тағылым алуға мүмкіндік берді.