Жетекшіде даңқты композитордың есімі берілген мәдениет үйі есігін ашты
Бұрын ауылда өнер ордасы болмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ауыл тұрғындарының көптен күткен мәдениет үйі пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына облыс басшысы Асайын Байханов қатысты. Іс-шара барысында аймақ басшысы жиналған қауымды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, мәдениет саласының маңыздылығына тоқталды.
– Баршаңызбен Жаңа жыл қарсаңында жүздескеніме қуаныштымын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәдениетті ұлттың рухани келбеті ретінде атап көрсеткен. Осыған орай, баршаңызды бой көтерген Шәмші Қалдаяқов атындағы мәдениет үйінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл нысан – үш жыл бұрын берілген уәденің нақты орындалуы. Сабыр танытып, қолдау білдірген ауыл тұрғындарына алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.

Мекеме басшысы Бағдат Сатимовтың айтуынша, құрылыс жұмыстарымен екі мердігер айналысқан. Алғашқы мердігермен келісім сәтсіз аяқталғандықтан, екінші компания құрылыс жұмыстарын жалғастырған.
– Екінші мердігер нысанды мерзімінен бұрын тапсыруды жоспарлаған еді. Дегенмен музыкалық жабдықтардың кеш жеткізілуіне байланысты және бірқатар техникалық қиындықтар туындау себебінен, ашылу салтанаты сәл кейінге қалдырылды, – деді Бағдат Сатимов.

Жөндеу жұмыстары алты ай ішінде толық аяқталды. Жаңа мәдениет үйі бір мезетте 300 көрерменді қабылдай алады. Жауапты ұйым бекітілген жоспарға сәйкес барлық қажетті жабдықтарды, соның ішінде LED экрандарды, сахналық киімдерді де жеткізіп берген.


Өнер ордасында отызға жуық штат бірлігі қарастырылған. Оның ішінде домбырашы, хореограф, вокал жетекшілері бар. Алдағы уақытта қолөнер үйірмелерімен қатар, ақындар мектебін ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ ауыл ақсақалдары мен үлкендерге арналған жеке кабинеттер қарастырылған. мәдениет үйі басшысының сөзінше, олар аға буын өкілдерімен де тығыз жұмыс жүргізуді көздеп отыр.

Жалпы ауылда үш мыңнан астам тұрғын бар. Жаңа мәдениет үйі – халықтың көптен бергі арманы болған. Бұл мәселе тұрғындармен өткен кездесулерде үнемі көтеріліп келген. Кейін әкімдік тарапынан уәде беріліп, құрылыс жұмыстары басталған.
Айта кетейік, бұған дейін ауылда толыққанды мәдениет үйі болмаған. Тек әкімдік ғимаратында шағын мәдени-демалыс орталығы жұмыс істеген. Енді жаңа нысанға қазақтың әйгілі композиторы, вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың есімі беріліп, ауылдың рухани өміріне тың серпін бермек.